Зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейту керек – депутат

Бүгін, 10:45 / Інжу Әлихан
Құрылтайдың баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке интернет-стримерлердің қызметін реттеу жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желілердегі балағат сөз, қорлау және қауіпті пранктер сияқты заңға қайшы контенттің қаралым мен табыс табудың құралына айналып бара жатқанын айтып, цифрлық кеңістікте де «Заң мен тәртіп» қағидаты қатаң сақталуы керек екенін атап өтті.

«Бүгінде әлеуметтік желілер қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Миллиондаған адам күн сайын TikTok, Instagram және басқа платформаны пайдаланады. Тікелей эфирлердің де аудиториясы өсіп келеді.

Бұл – цифрлық дамудың бір көрінісі. Бірақ оның көлеңкелі тұсы да бар. Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады. Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр.

Бұл туралы «Әділет» партиясы өкілдерінің сайлауалды халықпен кездесуде де жұртшылық тарапынан жиі көтерілді. Ішкі істер министрлігі мұндай фактілер бойынша таяуда бірнеше нақты шара қабылдады. Құқыққа қайшы осындай контент таратқан бірқатар әлеуметтік желі қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Бұл – мәселенің бар екенін көрсететін нақты дерек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның ортақ құндылығына айналдыру қажеттігін бірнеше рет айтты. Бұл қағидат жаңа Конституцияның негізгі талаптарының біріне айналды.

Ендеше заң мен тәртіптің талабы цифрлық кеңістікте де бірдей қатаң әрі нақты орындалуы керек. «Әділет» партиясы осыған ерекше мән береді», – деді депутат.

Оның сөзінше, әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер барған сайын коммерциялық сипат алып келеді.

«Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамды мазақ етеді, қорлайды. Тіпті тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге баруы
да жиілей түскен. Ал, мұны бір уақытта әртүрлі жастағы (кәмелетке толған, толмаған) мыңдаған адам көріп отыруы мүмкін.

Мәселен, Қытайда жүріп пранк жасаған Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. Көпшілік назарын аудартамын деп еліміздің абыройына нұқсан келтірді. Біздің қоғам үшін үйреншікті жайға айнала бастаса да, өзге елдерде асқан мәдениетсіздік, заң бұзушылық ретіне танылып, қоғамда қатаң айыпталады.

Тағы бір мысал, АҚШ-та Федералдық сауда комиссиясы (FTC) цифрлық жарнамадағы ашықтық пен жарнамалық контентті тиісті түрде белгілеуге талаптар қояды. Еуропалық Одақтың Digital Services Act (DSA) платформалардың заңсыз контентке қатысты жауапкершілігін және пайдаланушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтті.

Яғни бұл – құқықтық жауапкершілік пен коммерциялық мүдде тоғысқан жаңа цифрлық ортаға айналып отыр», – деді Ж. Амантайұлы.

Үкіметке «треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақтылап, зорлық-зомбылық, қауіпті пранктер, қорлау және арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде таратқаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

«Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек.

Осыған байланысты Үкіметтен:

1. «Треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді;

2. TikTok, Instagram, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және авторларын сәйкестендірудің тиімді тетігін қалыптастыруды;

3. Азаматтарды олардың келісімінсіз эфирге шығару, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғаудың тетіктерін күшейтуді;

4. Тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастырып, оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беруді сұраймыз», – деді ол.