Ұлттық құраманың формасы еркін сатылымға шығарылмайды – министрлік

10 қыркүйек, 2026 / Інжу Әлихан
Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан ұлттық құрамасының мемлекеттік рәміздер бейнеленген ресми спорттық экипировкасы еркін сатылымға шығарылмайды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Балым Адамиденова мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, өткен жылы министрлік алғаш рет ұлттық құрама спортшыларын Under Armour брендінің бірыңғай жазғы және қысқы экипировка жиынтықтарымен қамтамасыз еткен. Аталған киімдер Қазақстан ұлттық құрамаларының мүшелеріне жеке беріледі.

Қазір түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми экипировкасына сырттай ұқсайтын өнімдер сатылып жатқаны анықталған.

«Бұл – Қазақстан ұлттық құрамаларының мүшелеріне арналған сапалы кәсіби спорттық киім. Мемлекеттік рәміздер бейнеленген әрбір жиынтық спортшыларға жеке түрде беріледі және еркін сатылымға шығарылмайды.

Қазіргі уақытта түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми экипировкасына сырттай ұқсайтын және соның атынан сатылып жатқан өнімдер пайда болды. Назарларыңызға саламыз: мұндай өнімдердің Қазақстан ұлттық құрамасының ресми формасына қатысы жоқ.

Under Armour брендінің түпнұсқа спорттық киімдерін, оның ішінде осыған ұқсас спорттық костюмдер мен басқа да экипировка үлгілерін брендтің ресми дүкендерінен сатып алуға болады. Алайда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құрамаға тиесілі белгілері бар өнімдер бөлшек саудада сатылмайды. Under Armour компаниясы да өз тарапынан брендті заңсыз пайдалану және контрафактілік өнімдерді тарату фактілеріне қатысты тиісті құқықтық шаралар қабылдап жатыр. Осы ақпаратты ескеріп, Қазақстан ұлттық құрамасының ресми экипировкасы ретінде ұсынылатын жалған өнімдерді сатып алмауға шақырамыз», – деді министрлік өкілі.