Әскери қызмет – Отан алдындағы адалдықты, жоғары жауапкершілікті және темірдей тәртіпті талап ететін мамандық. Алайда әскери қызметшінің кәсіби жолындағы жетістігінің артында оны түсініп, қолдап, кез келген жағдайда жанынан табылатын отбасының орны ерекше.
Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде қызмет атқаратын майор Досжан Сахариев үшін де отбасы – өміріндегі ең үлкен тірек әрі басты құндылық.
Досжан Ботаұлының әскери қызмет жолы сонау 2012 жылдан басталған. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы гимназия мектебін тәмамдаған жас жігіт Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскери институтына оқуға түсіп, өмірін әскери саламен байланыстыруға шешім қабылдаған.
Әскери мамандықты таңдауға бала күнгі арманы мен туған жеріндегі шекара әскери бөлімінің ықпалы зор болған.
«Өзім туып-өскен Күршім ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты 2535 шекара әскери бөлімі орналасқан еді. Сол бөлімдегі офицерлерді күнделікті көріп жүріп, әскери қызметке деген қызығушылығым арта түсті. Осылайша бала күнгі арманым мамандық таңдауыма себеп болды», – дейді майор Досжан Сахариев.
Бүгінде ол 5573 әскери бөлімінің штаб бастығының орынбасары – жауынгерлік қызмет бөлімшесінің бастығы қызметін атқарады. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін лауазым. Себебі күн сайын елорданың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мыңнан астам әскери қызметші жауынгерлік қызметке түседі.
«Менің басты қағидам – талап пен тәртіп – қызметтің негізі, ал адамға деген құрмет – ұжымның негізі. Әскери қызметшіге заңдылықты сақтауды, әскери тәртіпті және тапсырманы сапалы әрі уақытында орындауды талап етемін. Сонымен қатар әр әскери қызметшінің ең алдымен адам екенін ұмытпау қажет», – дейді офицер.
Оның айтуынша, әскери қызметте жинаған тәжірибе тек кәсіби тұрғыда емес, адам ретінде қалыптасуына да үлкен әсер еткен. Сабыр сақтау, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдау, адамдарды түсіну және жауапкершілікті сезіну – әскери өмірдің қалыптастырған басты қасиеттері.
Алайда қызметтегі талапшыл офицердің үйдегі бейнесі мүлде бөлек.
Досжан Сахариевтің жары – Мөлдір Асылбекқызы. Ол Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Алғабас ауылында дүниеге келген. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік баспа-полиграфиялық орталығында еңбек етеді.
Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне алты жыл болған. Осы уақыт ішінде олар екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары – Шырайлым, ортаншы ұлдары – Жантөре, кенжелері – Көзайым.
«Балаларымыз – біздің өмірдегі ең үлкен қуанышымыз. Қызметте қанша жауапты міндет атқарсам да, үйге келгенде алдымен жарымның жолдасы, балаларымның әкесі боламын. Есіктен кіргенде мені сағынып күтіп алған балаларымның қуанышын көрген сәтте қызметтегі барлық қиындықты ұмытып кетемін», – дейді Досжан.
Әскери қызметшінің жары болу да үлкен түсіністік пен сабырды қажет етеді. Қызмет орнының ауысуы, жоспардан тыс іс-шаралар, мерекелік және демалыс күндеріндегі кезекшіліктер – әскери отбасының күнделікті өмірінің бір бөлігі.
Досжанның әскери қызметі осы уақытқа дейін Қостанай, Жетіқара, Степногорск қалалары мен Құшмұрын кентінде жалғасып, бүгінде Астана қаласына ұласқан. Әр жаңа қызмет орны – отбасы үшін де жаңа ортаға бейімделуді талап етеді.
Мұндай сәттерде офицердің жанынан табылатын жары Мөлдірдің қолдауы ерекше.
«Досжанның әскери қызметші екенін алғаш білгенде, бұл мамандыққа ерекше құрметпен қарадым. Әскери қызметтің оңай емес екенін, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететінін түсіндім. Кейде оның қызметіне байланысты алаңдайтын сәттерім де болады. Бірақ оның өз ісіне деген адалдығын көрген сайын, оны бұрынғыдан да қатты бағалай түстім. Оның формасын киіп, қызметіне жауапкершілікпен қарайтынын көргенде, іштей мақтанамын», – дейді Мөлдір.
Ол үшін Досжан – тек әскери қызметші ғана емес, отбасының қамқоршысы, балаларының мейірімді әкесі.
Қызметтегі талапшыл офицер үйде жұмсарып, балаларына барынша көңіл бөлуге тырысады. Олармен ойнап, сөйлесіп, бірге серуендеп, табиғат аясына шығуды ұнатады. Әсіресе отбасының ортақ дәстүріне айналған табиғат аясындағы демалыстар отбасы мүшелері үшін ерекше.
«Досжан сырт көзге қатал, талапшыл болып көрінгенімен, үйде бізге өте мейірімді. Балаларға көңіл бөледі, олардың болашағына алаңдайды. Қызметтегі Досжан мен үйдегі Досжанның айырмашылығы үлкен. Қызметте – жинақы, талапшыл, жауапкершілігі жоғары офицер. Ал үйде – балаларымен ойнап, әзілдесетін, отбасының жылуын бағалайтын қарапайым әке», – дейді Мөлдір.
Балалары да әкесінің мамандығына қызығушылық танытады. Әскери киімдегі әкесіне мақтанышпен қарайды. Тіпті тұңғыш қызының «Менің әкем генерал болады» деген балалық арманы әкесі үшін ерекше әсерлі.
Ал ұлы мен кенже қызының әкесінің бас киімін киіп, айна алдында әскери сәлемдесуі – шаңырақтағы көңілді сәттердің бірі.
Досжан үшін бұл – балаларының әкесіне деген мақтанышы ғана емес, Отанға қызмет етудің отбасындағы тәрбиелік үлгісі.
«Балаларым үшін әкесінің Отанға қызмет етіп жүргенін көру – үлкен үлгі деп ойлаймын. Үйде әскери тәртіпті қызметтегідей қатаң ұстанбаймыз. Мен ең алдымен олардың әкесімін. Балаларыма жауапкершілікті, үлкенді сыйлауды, бастаған істі соңына дейін жеткізуді, ұқыптылық пен тазалықты әкелік мейіріммен түсіндіруге тырысамын», – дейді офицер.
Ал Мөлдір жарының бойындағы үш қасиетті ерекше бағалайды. Олар – жауапкершілік, әділдік және қамқорлық.
Досжан да жұбайының сабырлығын, түсіністігін және отбасына деген жанашырлығын жоғары бағалайды.
«Қаншалықты мықты, өз ісіңнің маманы болсаң да, отбасының қолдауы адамға үлкен күш береді. Жұбайымның менің қызметімді түсініп, қолдау көрсетуі өз міндетімді алаңсыз әрі сапалы орындауыма мүмкіндік береді. Отбасының қолдауы – әскери қызметші үшін моральдық тұрғыдан үлкен тірек», – дейді майор.
Ал Мөлдір үшін әскери адамның жары болу – оның Отан алдындағы борышын түсініп, қиындықта жанынан табылу.
«Мен үшін Досжаныммен мақтанамын. Оның жұмысына қандай жауапкершілікпен қарайтынын көрсем, отбасына да сондай жауапкершілікпен қарайтынын сезінемін. Бұл мен үшін өте маңызды», – дейді ол.
Бір шаңырақта екі түрлі әлем тоғысқанымен, олардың ортақ құндылығы бір – отбасы мен Отанға деген адалдық.
Әскери қызметші үшін мықты отбасы – сенімді тыл. Ал отбасы үшін әскери адамның абыройлы қызметі – мақтаныш.
Досжан мен Мөлдір Сахариевтердің отбасы – осы екі ұғымның үйлесімін көрсететін жарасымды жанұя. Үш баланың күлкісі мен ата-ананың өзара түсіністігі бұл шаңырақтың басты байлығы болса, Отан алдындағы қызмет – отбасы тәрбиесінің ажырамас бөлігі.
Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасынан басталады. Ал мықты отбасы – ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген ер азаматтың ең сенімді тірегі.
Лейтенант Айгерім Балтабаева
5573 әскери бөлімінің тілшісі