Жаңалықтар

Мәдениет нысандары – мемлекет мұрасы

ашық дереккөзі

Мәдениет нысандары – мемлекет мұрасы

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының» жобасы, мәдениет нысандарын дамыту, ЭКСПО – 2017 көрмесі шеңберінде жоспарланған мәдени және спорттық шаралардың кешенді бағдарламасы талқыланды.  «2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын» Үкімет отырысында Дін және азаматтық қоғам істері министрі Нұрлан Ермекбаев таныстырды. Аталған тұжырымдамада дін саласындағы мемлекет саясатының басымдықтары нақтыланған. Яғни, діни бірлестіктерге бақылауды күшейту, олардың қаржылық-шаруашылық және уағыз жүргізу қызметінің ашықтығына және айқындығына қол жеткізу ұсынылуда. Министрдің сөзінше, бұл  құжат Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының бағыттарына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына толығымен сай келеді. «Осы тұжырымдама жобасын жасау барысында Президенттің «мемлекеттің зайырлылық қағидатын нығайту, кез келген діни радикализмді болдырмау» нұсқауларын басшылыққа алдық. Тұжырымдаманың мақсаты – діни саланы реттеу бойынша 2020 жылға дейінгі ғылыми теориялық негіздерді айқындау, елдегі дін саласын реттеу бойынша заңнамалық, басқарушылық, әлеуметтік-экономикалық шараларды анықтау. Оны іске асыру қоғамда және жалпы рухани салада тұрақты әрі үйлесімді дамуды, жаңғыруды қамтамасыз етеді», – деді министр. Тұжырымдама ішкі және сыртқы қатерлер аясында еліміздегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуге арналған. Бұл міндеттер ресми тіркелген діни бірлестіктердің, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың тығыз әрекеттестігі арқылы жүзеге асырылмақ. Ресми деректерге көз салсақ, үстіміздегі жылдың 20 сәуіріндегі жағдай бойынша, қазақстанда 18 конфессия атынан 3 700-ге жуық діни субъект тіркелген. Қазақстандағы азаматтардың 81 пайызы өздерін діндар адам деп санайды, ал 19 пайызы – атеист және агностик. Діндарлардың 14 пайызы өзін дін жолына ден қойған деп санаса, 70 пайызы орташа діндар деп есептейді екен. Ұсынылған тұжырымдаманы талқылаудан соң Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев еліміздің көп конфессиялы мемлекет екенін, дінге қатысты мәселелерге ерекше назар аударылатынын айтты. «Бәріміз ортақ күш жұмылдырып, дін саласында дұрыс тәрбиелік және ағартушылық жұмыс жүргізуге, барлық діндердің келісімі мен бейбіт бірге тұруын нығайтуға жәрдемдесуге тиіспіз. «Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер» деген байырғы даналық бар. Сол себепті, сіз бен біздің міндетіміз – аталған жұмысты жүргізе отырып, қоғамдағы әркімнің жүрегіне осы түсінікті жеткізе білу болып табылады», – деп түйіндеді өз сөзін Бақытжан Сағынтаев. Одан әрі жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе қаралды. Мәдениет нысандарын дамыту мәселесі бойынша сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы республикалық мәдениет мекемелерінің қызметін жүйелендіру бойынша жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Министрдің сөзінше, мемлекеттік мәдени мекемелердің ең төменгі мемлекеттік нормативтері мен типтік штаттары бекітілген. Мәдениет және спорт министрі өз сөзінде «Мәдениет туралы» заңға Парламент Сенаты деңгейінде мақұлданған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендігін алға тартты. Енгізілген өзгерістерге сай, мәдениет ұйымдарын құру, тарату мен қайта құру мәселелері тек министрліктің келісімі арқылы ғана шешіледі. Бұдан бөлек қазіргі уақытта 2020 жылға дейін туристік саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасының жобасы дайындалуда. Айта кетейік, 2015 жылы барлық республикалық музейлер мен қорық музейлері республикалық мемлекеттік мекеме мәртебесінен мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға ауысқан болатын. Министрдің айтуынша, мұндай өзгеріс музейлерге ақылы қызметтер көрсетіп, сол арқылы өздерінің ғылыми-әдістемелік базаларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, отырыс барысында білім саласындағы мәдениет нысандарын дамыту және жаңғырту мәселелері де сөз болды. Үкімет белгілі бір күндері азаматтардың барлық санаттары үшін, ал оқушылар үшін – тақырыптық сабақтар мен мектеп каникулдары күндері театрлар мен музейлердің тегін болуын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Аталмыш мәселе бойынша сөз алған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев соңғы кезде музейлерге жұмыс істеуге баратын білім алушылар саны артқандығын алға тартты. Биылғы оқу жылында өнер мамандықтары бойынша білім алушылар саны 19 мыңнан асса, өткен жылы аталған мамандық бойынша 2 жарым мың ғана түлек оқуын бітірген. Мәдениет нысандарын дамыту мәселесін қорытындылаған Үкімет басшысы мәдениет саласын дамыту және халыққа мәдениет нысандарының қолжетімділігін арттыру бойынша бірқатар шаралар әзірлеу туралы тапсырма берді. Бақытжан Әбдірұлы елорданың қоғамдық орындарында, мәдениет ұйымдарында өтіп жатқан шаралар туралы азаматтарды құлақтандыратын ақпараттық бағандар орнату идеясын қолдайтындығын айтып, мұндай жұмыстарды еліміздің өзге өңірлерінде де жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Сөз соңында Үкімет басшысы қазақ­стандықтар еліміздің мәдени және тарихи ескерткіштерін тегін аралау мүмкіндігіне ие болу қажеттігіне тоқталып, Мәдениет және спорт министрлігіне аймақтардың әкімдіктерімен бірге Қазақстан бойынша танымдық және этнографиялық саяхаттарды тегін ұйымдастыру үшін жағдай жасау туралы тапсырма берді. Жиында қаралған соңғы тақырып – ЭКСПО – 2017 көрмесі. Бұл ретте жауапты ведомство Үкімет назарына ЭКСПО көрмесі шеңберіндегі мәдени және спорттық шаралардың кешенді бағдарламасын ұсынды. Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, ЭКСПО көрмесінің мәдени бағдарламасы көп ұлтты Қазақстан халқының мәдениет және спорт саласында жетістіктерін таныстыруды мақсат етеді. Көрменің басты ұлттық мәдени кешені – «Этноауыл». Бұдан бөлек «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық және халық­­­ара­лық жарыстар ұйымдастырылмақ.  Сонымен қатар, көрме барысында Мемлекеттік опера және балет театрында 50-ден астам шара өткізіледі. Ал Ұлттық музейде республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелер өтеді. ЭКСПО көрмесі кезінде 14 ірі спорттық шара – 6 әлем чемпионаты, 2 Азия чемпионаты, 3 халықаралық шара, 2 Қазақ­стан Президенті Кубогы, Дүниежүзілік бокс кеңесінің жыл сайынғы мерейтойлық 55-ші конвенциясы ұйымдастырылады. Жиын соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жоспарланған шараларды сапалы түрде өткізу қажеттігін кезекті рет ескертіп, Мәдениет және спорт министріне осы жұмысты жалпы үйлестіруді қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.