Әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында қыз баланың тәрбиесі мен қоғамдағы орны туралы ой бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесі қыз баланың тәрбиесі бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың тәрбиесіне қатысты мәселе екенін атап өтті.
«Қыздың жолы-жіңішке» дейді халқымыз. Қыз баланың тәрбиесі мен қадірі-бір отбасының емес, тұтас ұлттың тәрбиесі. Өйткені отбасының берекесі әйелден басталып, баланың тәрбиесі анадан қалыптасады», – деп жазды Жазира Байырбекова.
Әншінің айтуынша, қазақ халқы қыз баланы үйдің қонағы ретінде емес, сол шаңырақтың гүлі, жүрегі әрі бақыты деп қадірлеген.
«Қыздың қадірі-тұрмысқа шыққан соң емес, дүниеге келген күннен биік болуы керек. Ертеңгі жар болар қызды бүгіннен құрметтеу-ертеңгі ананы, болашақ әулетті құрметтеу», – деді ол.
Жазира Байырбекова қыз бала қадірленген үйде береке, анасы ардақталған үйде тәрбие, әйелі сыйланған шаңырақта бақыт болатынын атап өтті.
«Сондықтан қыз баланың қадірі қашанда биік болсын!» – деп түйіндеді әнші.