Президент Елена Рыбакинаны тарихи жетістігімен құттықтады

Бүгін, 06:21 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакинаны Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілуімен құттықтады. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті.

«Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі», – деп жазылған құттықтауда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді.