АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде қызмет ететін төрт жақын көмекшісіне жалпы сомасы 155 мың доллар ақшалай сыйлық берген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қызметкерлердің жыл сайынғы қаржылық декларацияларына сәйкес, Трамптың атқарушы көмекшісі Натали Харп 45 мың доллар алған. Ол президенттің сапарларында жиі бірге жүретін жақын қызметкерлерінің бірі саналады.
The Washington Post жазуынша, дәл осындай 45 мың доллар көлеміндегі сыйлық президенттің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Марго Мартин мен Доғал кеңсе жұмысы жөніндегі директордың орынбасары Чемберлен Харриске де берілген.
Ал Доғал кеңсенің жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі директор Уолт Наутаға Трамп 20 мың доллар сыйлаған.
Қаржылық декларацияларда бұл қаражат мерекеге арналған ақшалай сыйлық ретінде көрсетілген.
Мәліметке сәйкес, Натали Харп, Марго Мартин және Чемберлен Харристің Ақ үйдегі жылдық жалақысы 150 мың долларды құрайды. Уолт Наута жылына 175 мың доллар алады.
Ақ үй өкілдері Трамптың өзіне жақын адамдарға мерекелік сыйлық беруі бұрыннан қалыптасқан дәстүр екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл қаражат қызметкерлердің мемлекеттік міндеттеріне байланысты төленбеген және президент оны жеке тұлға ретінде берген.
Әкімшілік өкілдері осы себепті сыйлықтардың мемлекеттік қызметтегі этикалық талаптарға қайшы келмейтінін атап өтті.