«Жалға беремін»: Абай облысында 40-тан астам адамды алдаған алаяқ ұсталды (ВИДЕО)

Бүгін, 16:21 / Інжу Әлихан
Абай облысы әкімдігі

Абай облысының полиция қызметкерлері пәтерлерді жалға беру сылтауымен жасалған бірқатар интернет-алаяқтық қылмыстарын ашты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қаскөй танымал интернет-платформаларда тұрғын үйлерді тәуліктік жалға беру туралы хабарландырулар жариялаған. Қызығушылық танытқан азаматтарға алдын ала төлем мен кепілақыны аударуды ұсынғаннан кейін, олармен байланысын үзген. Көрсетілген мекенжайларға барған жәбірленушілер пәтерлердің шын мәнінде жалға берілмейтінін анықтаған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 22 жастағы Орал қаласының тұрғынын анықтады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның осыған ұқсас 40-тан астам қылмыс эпизодына қатысы бар екені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген алдын ала шығын көлемі 750 мың теңгеден асады.

Алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстан зардап шеккен басқа да азаматтар анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды интернет арқылы тұрғын үй жалдау кезінде сақтық танытуға шақырады:

Еске саламыз, заңнамаға сәйкес, адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.