Ел тұрғындарының басым бөлігі жас жұбайлардың ата-анасынан бөлек тұрғанын дұрыс деп санайды. Алайда бұл көзқарас үлкендердің көмегінен бас тарту керек дегенді білдірмейді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген «Қазақстан отбасылары – 2026» зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 79%-ы жас отбасының жеке шаңырақ көтеріп, бөлек өмір сүргенін қолдайды. Ал сауалнамаға қатысқандардың 91,5%-ы ата-ананың көмегін пайдалы деп бағалаған.
Зерттеуге еліміздің әр өңірінен 3 мың адам қатысқан. Нәтиже қазақстандықтар үшін жас отбасының дербестігі мен туыстық байланысты сақтау бір-біріне қайшы ұғымдар емес екенін көрсетеді.
Бөлек тұру ерлі-зайыптыларға күнделікті тұрмысын өз бетінше ұйымдастыруға, отбасылық шешімдерді бірге қабылдауға және өзара жауапкершілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал ата-ананың ақыл-кеңесі, бала күтіміне көмектесуі немесе қажет кезде қолдау көрсетуі ұрпақтар арасындағы байланысты нығайта түседі.
«Жас отбасы үшін жеке өмірін қалыптастыру мен ата-ананың қолдауын сақтау бір-біріне қайшы емес. Бұл дербестік пен ұрпақтар арасындағы байланысты қатар сақтауға болатынын көрсетеді», – деп жазылған зерттеу қорытындысында.
Осылайша, қазақстандықтардың көпшілігі жас жұбайлардың ата-анадан бөлек өмір сүргенін қолдағанымен, отбасылық өзара көмекті әлі де маңызды құндылық деп санайды.