Шымкент қаласының Әділет департаменті Полиция департаменті және Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, заңсыз өнім шығаратын астыртын цехтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Заңсыз өндірісте «Alina Group» компаниясына тиесілі «Alinex Glad» брендімен құрғақ құрылыс қоспалары, сондай-ақ «Қайсар» және «Крепость» кафель желімдері дайындалған.
Тексеру шаралары барысында қызметкерлер аталған тауар белгілері заңсыз басылған 860-тан астам қап контрафактілік өнімді тәркіледі.
Бүгінгі таңда жиналған материалдар кінәлі тұлғаларды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы («Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану») бойынша жауапкершілікке тарту үшін сотқа жіберілді.
Өңірде контрафактілік өнімнің заңсыз айналымына қарсы бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.