Жаңа iPhone адамның ойын оқуы мүмкін бе?

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Apple адам ағзасындағы әлсіз магнит өрістерін қашықтан өлшейтін сенсор әзірлеуші Sonera стартабын сатып алды. Бұл технология болашақта Apple Watch пен басқа да киілетін құрылғыларға жаңа денсаулық сақтау және басқару мүмкіндіктерін қосуы ықтимал, деп хабарлайды turkystan.kz 9to5mac.com-ға сілтеме жасап.

Мәміле 2026 жылдың мамырында жасалғанымен, ол туралы ақпарат Еуропалық одақтың компанияларды сатып алу жөніндегі дерекқорында 8 қыркүйекте жарияланды. Apple мен Sonera келісімнің құнын және технологияны қандай өнімдерде пайдаланатынын ашып айтқан жоқ.

Калифорниялық Sonera ми мен бұлшықет жұмысы кезінде пайда болатын магнит өрістерін өлшейтін шағын сенсорлар әзірлейді. Қазіргі құрылғылардың көбі электр сигналдарын анықтау үшін адамның терісіне жапсырылуы керек. Ал Sonera технологиясы ағзамен тікелей жанаспай-ақ ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Компанияның мәліметінше, оның мақсаты – ми белсенділігін өлшеуді жүрек соғысы мен дене температурасын бақылау секілді қарапайым әрі қолжетімді ету.

Sonera жасаған S1 чипі ең алдымен бұлшықет белсенділігін анықтауға арналған. Оны протездерді басқару, жүйке-бұлшықет ауруларын үздіксіз бақылау, ауру белгілерін ерте анықтау және спорттық көрсеткіштерді өлшеу үшін пайдалануға болады. Технологияны адамның ойын тікелей оқитын құрылғы деп атауға әлі ерте. Сенсор сөздерді немесе ойларды дайын күйінде анықтамайды. Ол ми мен бұлшықеттегі электрлік белсенділіктен туындайтын өте әлсіз магнит сигналдарын ғана өлшейді.

Арнайы алгоритмдер осы деректерден адамның қозғалысы, денсаулық жағдайы немесе белгілі бір әрекетке ниеті туралы ақпарат шығаруы мүмкін. Алайда нақты ой мен эмоцияны дәл анықтайтын тұтынушылық құрылғының жасалғаны туралы дерек жоқ.

Apple бұл технологияның iPhone-ға енгізілетінін де растаған жоқ. Сарапшылар оның Apple Watch, Vision Pro, протездерді басқару жүйелері немесе мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған құрылғыларда қолданылуы ықтимал екенін болжайды.

Sonera өз технологиясын алғаш рет 2023 жылы таныстырған. Содан бері жобаның қаншалықты дамығаны белгісіз. Сондықтан Apple-дің сатып алуы болашақ өнімдерге деген қызығушылықты көрсеткенімен, келесі iPhone адамның ойын оқиды деуге әзірге негіз жоқ.

Тэгтер:

iPhone ой ой оқу