Абай облысында инвесторлардың құқығын таптаған шенеуніктер жауапқа тартылды

Бүгін, 16:22 / Алуа Арман
istockphoto.com

Абай облысының прокуратурасы Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Абай облыстық аумақтық инспекциясының экспортқа қажетті фитосанитариялық сертификаттарды беруден инвесторларға заңсыз бас тарту тәжірибесінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру барысында уәкілетті орган прокуратураның келісімінсіз 200 теріс шешім қабылдағаны анықталды. Оның ішінде 8 шешім заңсыз деп танылды.

Жекелеген жағдайларда бас тартуға фитосанитариялық сараптаманың жүргізілмегені себеп болған. Алайда аталған сараптаманы жүргізуді қамтамасыз ету уәкілетті органның тікелей міндеті болып табылады.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін екі лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 3 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Облыс прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бойынша жұмысты жалғастыруда.

Инвесторлар анықталған заңбұзушылықтар туралы 8 (707) 144-00-16 телефон нөмірі немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарлай алады.

Тэгтер:

Абай облысы инвестор Сертификат