Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әуе рейстерінен 254 азаматты түсірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның ішінде 193-і – алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген үшін, 40-ы – әуе кемесі бортында темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін және тағы басқалар.
Мәселен, 7 қыркүйекте Астана қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері әуе кемесі командирінің актісі бойынша Тбилиси – Астана бағытындағы ұшақтың жолаушысын рейстен түсірді.
Тексеру барысында көлік полицейлері 38 жастағы шетел азаматының ұшу кезінде қолданыстағы тыйым мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын елемей, ұшақ дәретханасында электронды темекі шеккенін анықтады.
Шетелдік азамат әкімшілкік жауапкершілікке тартылып, оған 50 АЕК (216 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Ұшақ бортында кез келген темекі немесе құрамында никотин бар өнімдерді, соның ішінде электронды темекі мен вейптерді шегуге қатаң тыйым салынады.
Мұндай ереже бұзушылық ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді және заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз.