Францияның оңтүстігіндегі Ренуар музейіне екі адам басып кіріп, төрт картинаны ұрлап кеткен. Қашып бара жатқанда күдіктілер туындылардың бірін түсіріп алған. Қалған үш картина әзірге табылған жоқ, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Оқиға 8 қыркүйек күні таңғы сағат алтыға таяу Ницца маңындағы Кань-сюр-Мер қаласында болған. Музейдің дабыл жүйесі сағат 05:48-де іске қосылған. Полиция бес минуттан кейін жеткенімен, күдіктілер оқиға орнынан қашып үлгерген.
Қаланың бейнебақылау камераларына екі адамның музейден шығып, картиналарды алып бара жатқаны түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, олар ғимаратқа кіру үшін қоршауды кесіп өткен және картиналарды жақтауларынан қиып алған болуы мүмкін.
Кань-сюр-Мер мэрі Брайан Массонның мәліметінше, қолды болған туындылардың жалпы құны шамамен 9 миллион еуроға бағаланады. Ұрланған картиналардың атаулары мен авторлары әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Қазір музей қорындағы туындылар түгел тексеріліп жатыр.
«Ренуар музейіне жасалған шабуыл – Кань-сюр-Мер тарихы мен мәдени мұрасына жасалған шабуыл. Бұл – аса ауыр қылмыс», – деді қала басшысы.
Полиция екі күдіктіні іздестіріп жатыр. Оқиғаға байланысты тергеу басталды.
Ренуар музейі француз импрессионисі Пьер-Огюст Ренуар өмірінің соңғы жылдарын өткізген үйде орналасқан. 1960 жылы ашылған музейде суретшінің төл туындылары, мүсіндері, хаттары, фотосуреттері және жеке заттары сақталған.