Кофе миды күйзелістен қорғауы мүмкін – зерттеу

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Кофеині бар кофені тұрақты ішу созылмалы күйзелістің миға тигізетін кері әсерін азайтуы мүмкін. Португалия ғалымдары мұндай нәтижені тышқандарға жүргізген тәжірибе арқылы анықтады. Ал кофеинсіз кофе дәл осындай әсер көрсетпеген, деп хабарлайды turkystan.kz psypost.org-ке сілтеме жасап.

Коимбра университетінің зерттеушілері 24 ересек тышқанды төрт топқа бөлген. Бірінші топ қалыпты жағдайда өмір сүріп, су ішкен. Қалғандары үш апта бойы күн сайын әртүрлі жеңіл күйзеліске ұшыраған. Олардың бір тобына су, екіншісіне кәдімгі кофе, үшіншісіне кофеинсіз кофе берілді.

Тышқандар ішкен кофе мөлшеріндегі кофеин адамға шаққанда тәулігіне шамамен 350 миллиграмға тең. Бұл – шамамен екі-үш кесе кофе. Жануарларға кофе тәжірибе басталғанға дейін бір апта бұрын беріліп, зерттеу аяқталғанша жалғасқан. Үш аптадан кейін су ішкен тышқандардың мінез-құлқы өзгеріп, мазасыздығы күшейген. Олар бұрынғыдай белсенді болмаған, тәтті суға қызығушылығы төмендеген және кеңістіктегі заттардың орнын есте сақтауда қиналған.

Ал кәдімгі кофе ішкен тышқандарда күйзелістің мұндай әсері айтарлықтай байқалмаған. Олардың көңіл күйі мен есте сақтау қабілетін бағалайтын көрсеткіштері күйзеліске ұшырамаған тышқандардың нәтижесіне жақын болған. Кофеинсіз кофе ішкен жануарлардан мұндай әсер байқалмады. Осыған сүйенген ғалымдар кофенің күйзеліске қарсы ықпалы негізінен оның құрамындағы кофеинге байланысты болуы мүмкін деп есептейді.

Зерттеушілер тышқандардың ми тіндерін де тексерді. Созылмалы күйзеліс су ішкен жануарлардың гиппокампындағы жүйке байланыстарын әлсіреткен. Гиппокамп – есте сақтау мен жаңа ақпаратты меңгеруге жауап беретін ми бөлігі.

Сонымен қатар күйзеліске ұшыраған тышқандардың миында жүйке жасушаларының тіршілігі мен дамуына қажетті BDNF ақуызы азайған. Ал кәдімгі кофе ішкен жануарларда жүйке байланыстары мен осы ақуыздың деңгейі қалыпты сақталған. Кофеинсіз кофе мұндай нәтиже бермеген.

Ғалымдардың болжамынша, кофеин мидағы аденозин рецепторларының белсенділігін тежеу арқылы жүйке жүйесінің созылмалы күйзеліске төзімділігін арттыруы мүмкін. Зерттеу нәтижелері Neurobiology of Stress журналында жарияланды.

Зерттеу авторлары нәтижені адамдарға тікелей қолдануға болмайтынын ескертеді. Тәжірибе небәрі 24 тышқанға жүргізілген. Сонымен бірге әр жануардың нақты қанша кофе ішкені және ағзасына қанша кофеин түскені жеке есептелмеген.

Сондықтан әзірге күніне екі-үш кесе кофе адамның миын күйзелістен қорғайды деп нақты айтуға болмайды. Мұны анықтау үшін адамдардың қатысуымен ауқымды зерттеулер жүргізілуі керек.

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасының мәліметінше, дені сау ересектердің көпшілігі үшін тәулігіне 400 миллиграмға дейінгі кофеин әдетте қауіпсіз саналады. Дегенмен кофеин кей адамдардың мазасыздығын күшейтіп, ұйқысын бұзуы немесе жүрек қағысын жиілетуі мүмкін.

Тэгтер:

кофе күйзеліс ми