Ақмола облысында 9,5 шақырым жылу желісі жаңартылады

Бүгін, 12:08 / Інжу Әлихан
modernization.kz

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы диаметрі 820 мм жылу магистральдық желілері 1973 жылдан бастап пайдаланылып келеді. 2026 жылдың басына қарай олардың жалпы тозу деңгейі 70 пайызға жеткен. Бұл желілер Степногорск ЖЭО-мен қатар қала мен Заводской кентіндегі тұтынушыларды жылумен жабдықтайтын жалғыз жүйе, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында «Степногорск Жылутранзиті» ЖШС қаланың жылу магистральдарын қайта жаңарту жобасын іске асырып жатыр. Жоба аясында ЖЭО-дан қалаға дейінгі учаскелерде ұзындығы 9,5 шақырым жылу желісі жаңартылады. Жұмыстар екі кезең бойынша 2026-2027 жылдары жүргізіледі.

Қазір жобаның бірінші кезеңі бойынша жұмыстардың орындалу пайызы 70%-дан асты, бекітілген кестеден кешігу жоқ, бәрі уақытында орындалып жатыр.  Жұмыстар 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін толығымен аяқталады, содан соң гидравликалық сынақтардан өткізіліп, нысан пайдалануға беріледі.

Жобаны қаржыландыруға жалпы 6 035 млн теңге бөлінген, оның ішінде 2026 жылғы бірінші кезеңге – 3 017,5 млн теңге бағытталған. Қаражат «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тың қарыз қаражаты есебінен тартылып, қарызды өтеу бекітілген тарифтік смета арқылы жүзеге асырылады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде жылу магистральдық желілерінің тозуы 70,3%-дан 68,22%-ға дейін, яғни 2,08%-ға төмендейді деп жоспарланған. Бұл көрсеткіш нысанды ТМС-тың «қызыл» аймағынан «сары» аймағына біртіндеп көшіруге септігін тигізеді.

Жаңғырту жұмыстарының игілігін Степногорск қаласы мен Заводской кентінің 20 431 абоненті көреді, оның ішінде 288 көппәтерлі үй, 14 жеке тұрғын үй және 154 өзге де мақсаттағы ғимарат бар. Жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғындар үшін жылу энергиясының сапасы жақсарып, ыстық сумен жабдықтау мен жылу беру тұрақты болады.

Жылу желілерін жаңғырту барысында қолданылатын материалдардың материалдардың кемінде 70%-ы Қазақстанда өндіріледі. Мысалы, Dy 820 ППУ құбырларын «Central Asia Pipes» ЖШС жеткізіп отыр.

Ал 2027-2029 жылдары ТМС компаниясы жылу желілерін қайта жаңартуды жалғастырады деп жоспарлануда: жалпы 41 000 млн теңге қаражат есебінен 137 шақырым желі ауыстырылады, оның 34 шақырымы диаметрі 820 мм ЖЭО-Город магистральдық желісі. Ал жоба нәтижелерінің нақты көрсеткіштері 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.