Алматыда заңсыз интернет-казинолардың жұмысын қамтамасыз еткен адамдар тобының әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу дерегінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Оның ішінде «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу жолға қойылған.
Бұл іске қатысушылардың бірі — шетел азаматы. Ол 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып, өз банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген.
Тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін ХҚКО-ға ертіп барған. Одан кейін банк бөлімшелеріне апарып, шот аштырған.
Соның нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізген, сондай-ақ өз шотын да пайдалануға берген.
Ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асты.
Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.