ТЖД мәліметінше, өрт Шоқай көшесінде орналасқан кәсіпорында болған. Жалын құрамында 120 тонна мұнай өнімі бар екі резервуарды шарпыған. Өрт тағы үш резервуарға таралуы мүмкін болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өрт шыққан әр резервуардың сыйымдылығы 60 тоннаны құрайды. Алғашқы өрт сөндіру есептері оқиға орнына жеткен кезде екі резервуар да ашық жалынға оранған. Оларға жақын жерде тағы үш резервуар орналасқан, өрттің соларға да таралу қаупі болған.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, қалалық қызметтер мен өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, көршілес резервуарлар лафеттік оқпандардың көмегімен салқындатылды. Жалынмен күресу үшін көбік қолданылды.
«Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жалынның таралуына жол берілмей, көршілес орналасқан үш резервуарды сақтап қалу мүмкін болды», — деп хабарлады ТЖД.