Әлеуметтік желіде балағат сөздер айтылған видеолар жарияланғаннан кейін дәрігер жұмыстан шығарылған. Алайда азаматтық істер жөніндегі Кассациялық сот жұмыстан шығаруды заңсыз деп танып, оны қызметіне қайта орналастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Е. есімді азаматша мемлекеттік «Емхана» мекемесіне қарсы сотқа талап-арыз берді. Ол жұмысқа қайта алуды және амалсыздан жұмыссыз жүрген кезеңі үшін жалақысын өндіріп беруді талап етті.
Бұған дейін бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар талап-арызды қанағаттандырудан бас тартып, дәрігерді жұмыстан шығару кезінде еңбек заңнамасы бұзылмаған деп есептеген. Алайда азаматтық істер жөніндегі Кассациялық сот бұл сот актілерінің күшін жойды.
Сот анықтағандай, Е. 2023 жылғы 17 тамыздан бастап емханада дәрігер болып жұмыс істеген. 2025 жылғы 8 тамызда жұмыс беруші өз бастамасымен онымен жасалған еңбек шартын бұзған. Жұмыстан шығаруға әлеуметтік желіде балағат сөздер айтылған видеолардың жариялануы себеп болған.
Әйел Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасы бойынша, яғни қызметкердің кәсіби қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты жұмыстан шығарылған. Алайда жұмыс беруші сотқа оның аталған талаптарға сәйкес келмейтінін растайтын, соның ішінде жазбаша дәлелдер ұсынбаған. Оның үстіне, дәрігердің жұмысына қатысты ешқандай шағым болмаған.
Осы мән-жайларды ескере отырып, Кассациялық сот Е.-нің талап-арызын қанағаттандырып, оның бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтірді.