Ақмола облысында 6 жастағы баланы көлік қағып көз жұмды

Бүгін, 09:13 / Алуа Арман
Фото: instagram.com/makinsklife

7 қыркүйек кешкісін Макинск қаласында Mercedes көлігі 2018 жылы туған қыз баланы қағып кетті. Бала медициналық мекемеде көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Апат шамамен сағат 18:00-де Мәскеу көшесінде болған.

Ақмола облысының полиция департаменті адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты түсініктеме берді.

«Mercedes көлігін басқарған жүргізуші жолдың белгіленбеген жерінен өтіп бара жатқан 2018 жылы туған кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші медициналық мекемеде қайтыс болды», — деп хабарлады ведомство.

Mercedes көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық режимін сақтауға, сондай-ақ жолда барынша мұқият болуға шақырды.

Тэгтер:

Бала Жол апаты көлік Ақмола облысы апат Макинск