"Швейцария секілді": Туристер Қазақстандағы әйгілі көлді ерекше қырынан көрсетті

7 қыркүйек, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Көлсай көлдеріне барған туристер арасында жаңа тренд пайда болды. Саяхатшылар биік шолу алаңына көтеріліп, қолдарына кофе алып, көл мен таудың көрінісін видеоға түсіріп жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желілерде мұндай кадрлар жиі жарияланып, көпшіліктің қызығушылығын тудырып жатыр.

Туристер жиі баратын орындардың бірі – төбеде орналасқан ашық шолу алаңы. Бұл жерден Көлсай көліне, айналадағы таулар мен қылқан жапырақты орманға кең панорамалық көрініс ашылады.

Желі қолданушылары мұндай видеолардың астына "Бұл қай жер?" деген сұрақты жиі қалдырады.

Жаңа трендтің мәні қарапайым: туристер өздерімен бірге кофе алып, биікке көтеріліп, табиғат аясында сусын ішкен сәтін таспаға түсіреді. Кейбірі шолу алаңына апаратын жолды да көрсетіп, саяхаттан алған әсерімен бөліседі.

Дегенмен әдемі көріністі тамашалау үшін біраз күш жұмсауға тура келеді. Шолу алаңы биікте орналасқандықтан, оған жаяу көтерілу қажет. Есесіне жоғарыға шыққан туристерге Көлсайдың ерекше панорамасы ашылады.

Желі қолданушылары Қазақстан табиғатын Швейцариямен салыстырып, жылы пікірлер жазған.

«Осындай көріністі тамашалап кофе ішу үшін Алматыға арнайы ұшып келген мен», «Қазір Қазақстан корейлер арасында өте танымал туристік бағытқа айналды», «Вау, бейне бір Швейцария сияқты», – деп жазды пікір қалдырушылар.

Көлсайдың табиғаты мен биіктен ашылатын көрінісі әлеуметтік желілерде туристер арасында танымал орындардың біріне айналып келеді.

Тэгтер:

Көлсай