Ер адам көпқабатты үйдің жертөлесінде бассейн орнатып, акула өсірген

Бүгін, 21:05 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Өзбекстанның Ферғана қаласында көпқабатты үйдің жертөлесіне қолдан бассейн орнатып, онда акула өсірген тұрғын анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Ферғана облысының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бақылау жөніндегі аумақтық инспекциясы хабарлады.

Тексеру барысында Ферғана қаласындағы «Мурувват» махалласы, Ферғана көшесі, 78-үйдің жертөлесінде арнайы бассейн жасалғаны белгілі болған. Оны осы үйдегі пәтерлердің бірінің иесі орнатқан.

Инспекция мәліметінше, бассейн заң талаптарын сақтамай салынған. Оның ішінде түрлі балықпен бірге акула да өсірілген.

"Пәтер иесі көпқабатты үйдің жертөлесіне заң талаптарын бұза отырып, қолдан бассейн орнатқан. Онда балық, оның ішінде акула өсірілгені анықталды. Тұрғынға әкімшілік айыппұл салынды", – делінген ресми мәлімдемеде.

Тұрғынға жертөлені 15 күн ішінде босатып, нысанды бастапқы қалпына келтіру туралы жазбаша нұсқама берілген. Сонымен қатар тексеру кезінде оның ауызсуды рұқсатсыз пайдаланғаны анықталып, бұл дерек бойынша да тиісті хаттама толтырылған.

Инспекция көпқабатты үйлердің ортақ аумағын, оның ішінде жертөлені заң талаптарына қайшы мақсатта пайдалануға болмайтынын ескертті.

Тэгтер:

Акула