BI Group Алматыдағы Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын кең көлемді қайта жөндеу жұмысын аяқтады. Компания тарихи ғимаратты жаңартып, камералық сахнасы бар жаңа корпус салып, театр маңындағы аумақты абаттандырды. Сонымен қатар BI Group театрдың шығармашылық дамуына 25 млн теңге көлемінде қаражат бөлді, деп хабарлайды turkystan.kz.
BI Group өкілдері 25 млн теңгенің сертификатын театр ұжымына тапсырды. Бұл қолдау жаңартылған театр кешенінде жаңа қойылымдар мен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған мәдени бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді. Көрермендерге қайта есік ашқаннан кейін театр, білім беру және мәдени қызметті біріктіретін заманауи өнер орталығы ретінде дамымақ.
«Біз BI Group-ке тек театрымыздың жаңарғаны үшін ғана емес, сондай-ақ театрдың шығармашылық дамуына қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдіреміз. Заманауи алаң жаңа қойылымдарға, шығармашылық жобаларға, эксперименттер мен балалар мен жастарға арналған тың бастамаларға жол ашуы қажет. Сондықтан компанияның қолдауы біз үшін – театрдың жаңа өміріне, оның шығармашылығы мен жаңа мүмкіндіктеріне қосқан үлес. Қайта жөндеу жұмысынан кейін Сац театры тек қойылымға келетін жер емес, көрме, дәрістер, шеберлік сыныптары, шығармашылық кездесулер мен білім беру бағдарламалары ұйымдастырылатын орын болуы керек», – деді Н.Сац театрының директоры Олег Гостев.
Кең көлемді қайта жөндеу жұмысы аясында тек театрдың тарихи ғимараты ғана жаңартылып қойған жоқ, сонымен қатар жаңа инфрақұрылым тартылды. Енді кешеннің жалпы ауданы 25 мың шаршы метрді қамтымақ. Оның 10,56 мың шаршы метрі жанынан салынған бес қабатты корпусқа тиесілі.
Жоба командасы театр мұрасын сақтауға ерекше көңіл аударды. Қабырғалар мен едендердің мәрмәр жабындары, мозаикалық композициялар мен көркемсурет элементтері реставрацияланды. Жоғалып кеткен интерьерлік үлгілер, мұрағат материалдары мен бастапқы сызбалар бойынша қалыпқа келтірілді.
«Біз үшін ғимаратты жай ғана жаңарту емес, оның өзіндік болмысы мен тарихын айқындайтын ерекшеліктерін сақтап қалу маңызды болды. Сонымен қатар, театр үшін мүлде жаңа инфрақұрылым жасақтадық. Нәтижесінде тарихи ғимарат пен жаңа корпус біртұтас кешенге айналды: бір бөлігі Сац театрының тарихи мұрасын сақтаса, екіншісі оның одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер береді», – деді BI Group жобасының жетекшісі Асқар Сағандықов.
Жаңа корпустың негізгі нысаны – 220 көрерменге дейін қабылдай алатын, конфигурациясы өзгертілетін Black Box камералық сахнасы. Дәстүрлі театр залынан ерекшелігі – бұл кеңістіктің қойылым немесе іс-шара форматына қарай құрылымын өзгертуге мүмкіндік бар.
Қайта жөндеу жұмыстарынан кейін театр кешені тек спектакльдер өтетін уақытта ғана емес, басқа да мәдени іс-шаралар үшін белсенді пайдаланылатын болады. Заманауи кеңістіктер көрмелер, дәрістер, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер мен білім беру бағдарламаларын өткізуге арналған.
Театрдың айналасындағы аумақ та абаттандырылды. Театр ғимаратының алдында көгалдандырылған, демалыс орындары мен балаларға арналған су алаңы бар жаңа отбасылық қоғамдық кеңістік пайда болды.
Қайта жөндеу жұмысының аяқталуы Сац театрының тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ. BI Group театрға заманауи инфрақұрылым салуға көмектесті. Ал қосымша қолдау ретінде берілген 25 млн теңге өнер мен театрдың жаңа жобаларын әрі қарай дамытуға мүмкіндік бермек.