Астанадағы №91 гимназияның 10-сынып оқушысы, 15 жастағы Марлен Несіпқұлов жүздеген кітап оқып, Назарбаев Университетіне түсуге дайындалып жүр. Мектеп оқушысы кітап оқуға деген қызығушылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, Марлен Несіпқұлов бала күнінен қалыптасқан әдебиетке деген қызығушылықты жылдар бойы сақтап, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті тұрақты әдетке айналдыруға болатынын көрсетіп келеді.
Оның кітапқа деген қызығушылығы әжесінің ұйықтар алдында ертегі оқып беруінен басталған. Алғаш оқыған шығармаларының қатарында Драгунский мен Чуковскийдің ертегілері және шағын әңгімелер жинағы болды.
Кейін кітап оқу оның өмір салтына айналған. Марлен осы уақытқа дейін 300-ге жуық кітап оқып шыққан. Оның шамамен 150-сін бала кезінде оқыса, мектеп бағдарламасы аясында тағы 135 шығармамен танысқан. Ол әртүрлі жанрдағы кітаптарды ұнатады және шығарманы көбіне көңіл күйіне қарай таңдайды.
Бұрын бос уақыты көбірек болған кезде кітапты бірінен соң бірін оқып шығатын. Қазір де бұл әдетінен қол үзген жоқ. Тек шығарманы бұрынғыдай ретімен емес, көңіл күйіне қарай таңдайды. Орта есеппен бір кітапты бір апта шамасында аяқтайды.
Ол үшін кітап оқу – өзгелерден ерекшеленудің жолы емес, өзінің таңдауы мен қызығушылығы.
10-сынып оқушысының болашаққа жоспары да ауқымды. Мектепті бітірген соң Назарбаев Университетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Ал демалыс кезінде де кітап оқуды тоқтатпақ емес.
Мұндай мысалдар қазіргі жастардың білім алып, үлкен мақсаттарға ұмтыла жүріп, әдебиетке деген шынайы қызығушылығын сақтай алатынын көрсетеді.