Әлемде жыл сайын пестицидтен уланудың 400 миллионнан астам жағдайы тіркеледі

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Әлемде жыл сайын фермерлер мен ауыл шаруашылығы жұмысшыларының пестицидтен абайсызда улануына байланысты 402-433 миллион жағдай болуы мүмкін. Зерттеу авторларының есебінше, бұл ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдардың шамамен 46 пайызына тең, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Ғалымдар 2006-2023 жылдар аралығында жарияланған 214 ғылыми еңбекті және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтерін саралаған. Зерттеу 139 елді қамтыды. Оның нәтижесі Frontiers in Public Health журналында жарияланды.

Қарастырылған еңбектер мен ресми дереккөздерде пестицидтен уланудың жылына шамамен 370 мың жағдайы көрсетілген. Соның 9 182-сі адам өлімімен аяқталған. Алайда зардап шеккендердің көбі дәрігерге жүгінбейді, ал кейбір елдерде мұндай оқиғалар толық есепке алынбайды. Осыны ескерген зерттеушілер нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары деген қорытындыға келген.

Олардың есебінше, әлемде жыл сайын пестицидтен абайсызда уланудың 402-433 миллион жағдайы кездеседі. Шамамен 11 мың адам қайтыс болады. Әлемдегі фермерлер мен ауыл шаруашылығы жұмысшыларының жалпы саны 934 миллионға жуық.

Пестицидтен улану жағдайларының ең көбі Оңтүстік Азияда тіркеледі: жылына шамамен 214 миллион. Оңтүстік-Шығыс Азияда 61 миллионға жуық, ал Шығыс Африкада 49 миллионнан астам жағдай болуы мүмкін.

Жекелеген елдер арасында ең жоғары көрсеткіш Буркина-Фасода тіркелген. Мұнда фермерлердің 83,8 пайызында бір жыл ішінде пестицидтен улану белгілері байқалуы мүмкін. Үндістанда бұл көрсеткіш –73,6, Танзанияда – 70,8, ал Нигерияда – 69 пайыз.

Еуропа –1990 жылдан бері пестицид қолдану көлемі азайған жалғыз ірі аймақ. Осы кезеңде құрлықтағы тұтыну шамамен 5 пайызға төмендеген. Соған қарамастан Оңтүстік Еуропада жыл сайын 1,5 миллионнан астам улану жағдайы болуы ықтимал.

Халықаралық бастамалар мен шектеулерге қарамастан, әлемде пестицид қолдану көлемі өсіп келеді. 1990 жылы ауыл шаруашылығында шамамен 1,8 миллион тонна пестицид пайдаланылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3,8 миллион тоннаға жеткен.

Фермерлер пестицидті араластыру, егістікке шашу немесе химиялық заттар қолданылған алқапта жұмыс істеу кезінде уланады. Қорғаныш киімі мен арнайы жабдығы жоқ шағын шаруашылықтардың жұмысшыларына төнетін қауіп жоғары. Медициналық көмекке қол жеткізу қиын елдерде улану жағдайларының едәуір бөлігі ресми есепке енбей қалады.

Зерттеу авторлары аса қауіпті пестицидтерді біртіндеп қолданыстан шығаруды, фермерлерді қауіпсіздік талаптарына үйретуді және жұмыс берушілерді қызметкерлерді қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге міндеттеуді ұсынады. БҰҰ қауіпсіз қолдану мүмкін болмаған жағдайда аса қауіпті пестицидтерден 2035 жылға дейін бас тартуды көздеп отыр.

Зерттеуде Қазақстанға қатысты жеке есеп берілмеген. Орталық Азия елдеріндегі адам өліміне әкелмеген улану жағдайлары жөнінде де жеткілікті мәлімет табылмаған. Сондықтан әлемдік 46 пайыздық көрсеткішті Қазақстандағы фермерлерге тікелей қолдануға болмайды.

Авторлар 402–433 миллион деген санның ресми тіркелген дерек емес, қолда бар мәліметтерге сүйеніп жасалған есеп екенін ескертеді. Кейбір зерттеулер шағын топтарды ғана қамтыған және дәрігердің қорытындысына емес, сауалнамаға қатысушылар айтқан белгілерге негізделген. Бір адам бір жыл ішінде бірнеше рет уланып, бірнеше жағдай ретінде есепке алынуы да мүмкін.

Соған қарамастан зерттеу пестицидтен уланудың ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің денсаулығына төнген үлкен қауіп екенін көрсетеді.

Тэгтер:

улану пестицид