Жетісу облысында мал ұрлаған 6 күдікті ұсталды

Бүгін, 14:03 / Алуа Арман
polisia.kz

Жетісу облысында ірі қара мал ұрлығының бірнеше дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша Сарқан ауданының алты тұрғыны 61 бас ірі қара мал ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Мал иелеріне келтірілген жалпы шығын көлемі 28,8 млн теңгені құрады.

Тергеу барысында күдіктілердің алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткені анықталды. Олар ұрланған малды Алакөл ауданының аумағынан Сарқан ауданына айдап әкеткен. Жануарлардың бір бөлігі кейіннен сойылып, етін сатуды жоспарлаған.

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде қылмыстарға қатысы бар барлық тұлғалардың әрқайсысының рөлі анықталды. Тергеу амалдары Жетісу облысының прокуратурасымен бірлесіп жүргізілді.

Жиналған дәлелдемелер қылмыстардың мән-жайларын және әрбір фигуранттың әрекетін толық анықтауға мүмкіндік берді. Сот үкімімен алты сотталушының барлығы кінәлі деп танылып, 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жетісу облысының Полиция департаменті мал ұрлығының алдын алу және ашу бағытындағы жұмысты қызметтің басым бағыттарының бірі ретінде жалғастыруда.

Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға, ұрланған малдың қозғалыс бағыттарын анықтауға және оны заңсыз айналымға тартқан тұлғаларды әшкерелеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Тэгтер:

Жетісу облысы Мал ұрлығы