Павлодарда жалған анықтама берген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды

Бүгін, 12:50 / Алуа Арман
istockphoto.com

Павлодар облысында жүктілік туралы жалған анықтаманы пайдалану фактісі анықталғаннан кейін прокуратура медициналық құжаттарды беру тәртібіне бақылауды күшейтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін жалған анықтама мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған әйелге әкімшілік қамақтан жалтаруға мүмкіндік берген. Прокуратура анықтаманың жалған екенін анықтап, нәтижесінде сот оған 20 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындады. Кейіннен пара алу және дәлелдемелерді бұрмалауға қатысты кінәлі тұлға сотталды. Оған 6,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген себептер мен жағдайларды зерделеді. Енгізілген прокурорлық қадағалау актісі бойынша 5 лауазымды тұлға, оның ішінде 2 басшы қатаң тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Медициналық ұйымдарда құжаттарды ресімдеу, есепке алу, сақтау және беру тәртібіне бақылау күшейтіліп, олардың электрондық нұсқаларын өзгерту мүмкіндігі жойылды.

Осылайша, анықталған фактіге қылмыстық-құқықтық баға берумен қатар, прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген жағдайларды жоюды қамтамасыз етті.

 

Тэгтер:

Павлодар лауазымды тұлға жалған анықтама