Стэнфорд ғалымдары әлеуметтік желінің қаупі туралы ескертулер нәтиже беретінін анықтады

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат

Әлеуметтік желінің денсаулыққа төндіретін қауіп туралы ескерту көрсету жастардың платформаларды қолдануға деген ынтасын төмендетуі мүмкін. Стэнфорд университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу осындай хабарламалардың әлеуметтік желінің зияны туралы түсінікті де қалыптастыратынын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеуге АҚШ-та тұратын 13 пен 29 жас аралығындағы 1 012 адам қатысқан. Олардың шамамен жартысы – 13-17 жастағы жасөспірімдер, қалғаны – 18-29 жастағы жастар.

Қатысушылар әлеуметтік желіге ұқсатып жасалған парақшаны қарау кезінде кездейсоқ ретпен берілген 15 хабарламаны бағалаған. Олардың 13-і әлеуметтік желінің денсаулыққа ықтимал зияны туралы ескерту болса, біреуі экраннан үзіліс жасауға шақырған. Салыстыру үшін қауіпсіздік белдігін тағу туралы бейтарап хабарлама да көрсетілген.

Ескертулерде әлеуметтік желіге тәуелділік, ұйқының бұзылуы, дене бейнесіне көңіл толмау, депрессия, мазасыздық және жастардың психикалық денсаулығына келетін ықтимал зиян туралы айтылған. Кейбір хабарламада әлеуметтік желілердің балалар мен жастар үшін қауіпсіз екені ғылыми тұрғыдан толық дәлелденбегені ескертілген.

Қатысушылар әр хабарламаны бес балдық өлшеммен бағалап, оның әлеуметтік желіні қолдануға деген ықыласты қаншалықты төмендететінін және ықтимал қауіптер туралы түсінікті қаншалықты арттыратынын көрсеткен.

Барлық ескерту бейтарап бақылау хабарламасынан жоғары нәтиже көрсетті. Ең әсерлісі жастардың психикалық денсаулығына келетін жалпы зиян, депрессия мен мазасыздық туралы мәтіндер болған. Ал әлеуметтік желіге тәуелділік жөніндегі ескерту мен жай ғана үзіліс жасауға шақыратын хабарлама салыстырмалы түрде әлсіз бағаланған.

Жасөспірімдер мен 18–29 жастағы қатысушылардың жауаптары арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмаған. Екі топ та денсаулыққа қатысты ескертулер әлеуметтік желіні пайдалануды азайтуға итермелеуі мүмкін екенін айтқан.

Зерттеу авторы Анна Груммонның түсіндіруінше, темекі мен алкоголь қаптамасындағы ескертулер өнімнің өзінде тұрақты орналасады. Ал әлеуметтік желілерде мұндай ақпаратты қолданушыға белгілі бір уақыт аралығында қалқымалы терезе түрінде көрсету қажет болуы мүмкін.

Зерттеу әлеуметтік желіде өткізілген сағаттардың шынымен азайғанын дәлелдемейді. Ғалымдар қатысушылардың экран алдындағы уақытын бақыламаған, тек хабарламаларды көргеннен кейінгі бағасы мен қолдануды азайту ниетін өлшеген.

Сондықтан ескертулердің адамдардың күнделікті әрекетіне және әлеуметтік желіні ұзақмерзімді пайдалануына қалай әсер ететінін анықтау үшін қосымша зерттеу қажет. Қалқымалы терезелер жиі көрсетілген жағдайда қолданушылардың оған үйреніп, назар аудармай қою ықтималдығы да зерттелмеген.

Соған қарамастан, авторлар мұндай ескертулер жастарға әлеуметтік желінің ықтимал қауіптері туралы ақпарат беретін қолжетімді құралға айналуы мүмкін деп есептейді. Зерттеу нәтижелері JAMA Health Forum журналында жарияланды. Бұл туралы Стэнфорд медицина мектебі хабарлады.