АҚШ дәрігерлері гені өзгертілген шошқа бүйрегін адам донор табылғанға дейін сынап көріп, жақсы нәтиже алды. Шошқа бүйрегі науқасты 271 күн бойы диализден қорғап, кейін адам бүйрегін ауыстырып салуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды turkystan.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.
Тәжірибеге бүйрек дертінің соңғы сатысындағы Тим Эндрюс қатысқан. Оның дерті екінші типті қант диабетінен кейін асқынған. Дәрігерлер науқастың бес жыл ішінде адам донорынан бүйрек алу мүмкіндігін небәрі 9 пайыз деп бағалаған. Ал осы кезеңде қайтыс болу немесе трансплантация кезегінен шығарылу қаупі 40 пайыздан асқан. Операция 2025 жылғы қаңтарда Массачусетс жалпы ауруханасында жасалды. Эндрюске юкатандық шағын шошқадан алынған бүйрек салынған. Науқас мүшеге «Уилма» деген ат берген.
Шошқаның геномына адам ағзасымен үйлесімділікті арттыру және иммундық жүйенің мүшені қабылдамай тастау қаупін азайту үшін 69 өзгеріс енгізілген. Генетикалық өңдеудің бір бөлігі жануардан адамға жұғуы ықтимал вирустардың қаупін төмендетуге бағытталған. Операциядан кейін бүйрек бірден жұмыс істей бастаған. Эндрюс 271 күн бойы диализсіз өмір сүріп, күнделікті тіршілігіне қайта оралған: тамақ әзірлеп, үй шаруасымен айналысып, итімен ұзақ серуендей алған.
Алайда шамамен алты айдан кейін шошқа бүйрегінің қан тамырларында зақымдану белгілері байқалған. Өзгерістер біртіндеп күшейіп, тоғыз айдан соң мүше қызметін тоқтата бастаған. Дәрігерлер оны алып тастап, науқасты қайтадан диализге қосқан.
Эндрюс диализге оралғаннан кейін шамамен 82 күн өткенде қайтыс болған адамнан алынған бүйрек салынды. 2026 жылғы қаңтарда оған екінші трансплантация жасалды. Алты айлық бақылау кезінде жаңа бүйрек қалыпты жұмыс істеген.
Тексеру барысында шошқа бүйрегінің адам тіндеріне қарсы жаңа антиденелердің түзілуіне себеп болмағаны анықталды. Бұл алғашқы операцияның кейінгі адам бүйрегін ауыстырып салуға кедергі келтірмегенін көрсетеді. Сондай-ақ науқастан шошқаға тән вирустар немесе басқа қоздырғыштар табылмады.
Осылайша, шошқа бүйрегі тұрақты ем ретінде емес, адам доноры табылғанға дейінгі уақытша «көпір» қызметін атқарды. Жануар мүшесінен кейін адам бүйрегін сәтті алған мұндай жағдай әлемде алғаш рет тіркеліп отыр. Клиникалық есеп The Lancet журналында жарияланды.
Зерттеушілер бір науқастың нәтижесі әдістің қауіпсіздігі мен тиімділігін толық дәлелдеуге жеткіліксіз екенін ескертеді. Эндрюс мұқият іріктеліп, жоғары деңгейдегі тұрақты медициналық бақылауда болған. Сондықтан технологияны кеңінен қолдану үшін клиникалық сынақтар қажет.
271 күн алғашқы есеп жарияланған кезде тірі адамға салынған шошқа бүйрегінің ең ұзақ жұмыс істеу көрсеткіші ретінде сипатталды. Алайда кейін басқа пациенттегі генетикалық өзгертілген шошқа бүйрегінің 285 күннен астам жұмыс істеп тұрғаны хабарланды. Сондықтан Эндрюстің басты жетістігі – абсолютті ұзақтық рекорды емес, шошқа бүйрегін адам доноры табылғанға дейін пайдаланып, кейін адам бүйрегіне сәтті көшудің алғашқы дәлелденген жағдайы.