Елордада қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, тазалықты сақтауға және абаттандыру қағидаларын бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 32 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, қала шетіндегі аумақта жүк көлігін пайдалана отырып, құрылыс материалдарын белгіленбеген жерге төгу фактісі анықталды. Аталған көліктің жүргізушісі құрылыс материалдарын оларды орналастыруға арналмаған жерге төккен. Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабы бойынша әкімшілік материал жиналып, шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың жолын дер кезінде кесу ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып, елордадағы тазалық пен тәртіпке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.