Криптовалюта түрінде микрокредит береміз деп елді алдаған алаяқтар ұсталды

Бүгін, 10:02 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, ықтимал қарыз алушылар әлеуметтік желілер арқылы белсенді тартылған. Онда тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнама кеңінен таратылған. Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өту, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.

Алайда аталған рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған. Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған.

Сондай-ақ мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген.

Қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған.

Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған.

Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді.

Тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Тэгтер:

Алаяқ алдау криптовалюта