Продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында ағасы қайтыс болғаннан кейін қоныс той жасағаны үшін өзін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол жазбасында ағасын сағынып жүргенін айтып, жақын адамынан айырылғанына қарамастан өмірдің жалғасатынын жеткізді.
«Өзегім өртеніп, жүрегім тілім-тілім болып, жан ағам болғанда да, өзімнің жаныма өте жақын, бір-бірімізді сағынышпен іздеп, маңдайымнан мейірлене иіскеп отыратын ағатайымнан айырылдым», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Продюсердің айтуынша, отбасы ағасының жетісіне дейін көпшілікпен бірге ас беруді жоспарлаған. Алайда қоныс тойына қатысты көп адамның хабарласуына байланысты жаңа үйге көз жасымен емес, жақсы ниетпен кіруді жөн көрген.
«Жаңа үйге көз жаспен емес, шашумен кіріп, жақсылықтар болсын деп араласып жүрген кісілерден 5-6 адам шақырып, шәй беріп жібердім», – деді ол.
Сондай-ақ Гүлзира Айдарбекова бұл үйде жасы үлкендермен қатар жастар да тұратынын айтып, өмірдің жалғасатынын атап өтті.
«Өлімнің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды екен. Бәріміздің ертелі-кеш баратын жеріміз сол зират», – деп жазды продюсер.
Ол оқырмандарынан өзін түсініп, өсектің орнына жақсы сөз айтуын сұрады.