Жасанды интеллектінің кеңесіне сенген альпинистер тауда азық-түліксіз қалып, адасып кете жаздады

Бүгін, 22:26 / Жамбыл Жайлау
Siskiyou County Sheriff's Office

Калифорнияда бір топ альпинист Google-дың Gemini чат-ботының кеңесіне сеніп, Mount Shasta тауына шыққан кезде қиын жағдайға тап болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Engadget мәліметінше, олар маршрутты жоспарлау кезінде жасанды интеллекттен тауға шығуға қанша уақыт кететінін, қандай азық-түлік пен қанша су алу керегін сұраған.

Gemini шыңға шығуға шамамен сегіз сағат жеткілікті деп кеңес берген. Сондай-ақ альпинистерге майлы тағамдардан гөрі тез қорытылатын көмірсуы мол азық алған дұрыс екенін айтқан. Осы кеңеске сүйенген топ өздерімен бірге қысқа уақытқа ғана жететін тамақ пен су алып шыққан. Олар түнеуге арналған жабдық пен жеткілікті жылы киім де дайындамаған.

Альпинистер 29 тамызда базалық лагерь құрып, келесі күні түнгі сағат 03:00-де шыңға қарай жолға шыққан. Алайда жоспарланған сегіз сағаттың орнына биікке көтерілуге 16 сағат кеткен. Олар шыңға кешкі сағат 19:00 шамасында ғана жеткен. Бұл уақытта таудан кері қайту ұсынылатын түскі сағат 12:00-ден әлдеқашан өтіп кеткен еді.

Төмен түсе бастағанда қараңғы түсіп, топ негізгі бағыттан жаңылып қалған. Олар жолды анықтау үшін AllTrails қосымшасын пайдаланғанымен, телефонның қуаты таусылып қалған. Нәтижесінде альпинистер 911 нөміріне хабарласып, құтқарушылардан көмек сұраған.

Сискию округінің іздеу-құтқару қызметі мен АҚШ Орман қызметінің мамандары оларға 31 тамыз күні таңғы сағат 09:30 шамасында жеткен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақ пайдалану мүмкін болмағандықтан, топ таудан жаяу түсуге мәжбүр болды.

Төменге түсуге тағы шамамен тоғыз сағат кеткен.

Оқиғадан кейін альпинистер өздерінің сыни ойлау қабілетіне емес, жасанды интеллект ұсынған ақпаратқа тым қатты сеніп қалғандарын мойындаған.

Сискию округінің шериф басқармасы тауға шығар алдында ресми қорықшылар станциясынан маршрут пен ауа райы туралы нақты ақпарат алуға кеңес берді. Құтқарушылар өмірге қауіп төндіруі мүмкін сапарларды жоспарлау кезінде жасанды интеллект берген кеңесті жалғыз ақпарат көзі ретінде пайдаланбау керегін ескертті.

Тэгтер:

тау