Гүлзира Айдарбекова, Әсел Асқар және бірнеше блогер айыппұл арқалады

Бүгін, 20:06 / Жамбыл Жайлау
Turkystan.kz коллажы

Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырған бірқатар блогер мен танымал тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында лотерея туралы заң талаптарын бұзған 69 әлеуметтік желі аккаунты анықталған.

Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-бабының 1-бөлігі бойынша жаза қолданылған.

Жауапкершілікке тартылғандар арасында Гүлзира Айдарбекова, актриса әрі блогер Әсел Асқар, сондай-ақ Аружан Әбілова, Айым Алтынбекова және Елдос Қадірханов бар.

Ең жоғары айыппұл "aitoli_aktau" аккаунтына салынған. Оның көлемі 525 АЕК немесе 2 064 300 теңгені құрады.

Ал ең төменгі айыппұл мөлшері 50 АЕК, яғни 196 600 теңге болған.

Гүлзира Айдарбековаға 196 600 теңге айыппұл салынған. Әсел Асқар 648 750 теңге төлеуге міндеттелді.

Сондай-ақ Аружан Әбілова, Елдос Қадірханов және "aekaposh" лақап атымен танымал Айым Алтынбековаға да 648 750 теңгеден айыппұл салынған.

Министрлік мәліметінде бұдан бөлек тағы бірнеше танымал әлеуметтік желі аккаунтының лотерея заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны көрсетілген.

Тэгтер:

блогер лотерея