Екібастұзда 30 жыл темекі шеккен ер адам аяғынан айырылып қала жаздады

Бүгін, 17:55 / Інжу Әлихан
Istockphoto

Павлодарлық кардиохирургтер Екібастұзда 30 жыл бойы темекі шеккен ер адамға күрделі ота жасап, аяғының қан айналымын қалпына келтіріп, ампутациялаудан сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.k irbistv.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

52 жастағы Екібастұз тұрғыны 20 метр де жүре алмайтын. Себебі, аяғы ауырып, ұйып қалатын. Ал қазір науқастың жағдайы жақсарып келеді.

Кардиоорталықта жүргізілген тексеру ер адамның артерияларының толық бітеліп қалғанын көрсетті. Соның салдарынан аяқтарына қан өте аз барған. Гангрена пайда болып, аяқтарын ампутациялау қаупі өте жоғары болған.

«Аяқтарымда жара пайда болып, башпайларым көгеріп, ұйып қалатынын ескертті. Егер ешқандай шара қолданбасам, аяғымды кесуге тура келетінін айтты. Бұған аз қимылдайтыным да себеп болған шығар. Үнемі көлікпен жүремін, жұмысымды 12 сағат бойы креслода отырамын. Екібастұзда депода кезекші болып жұмыс істеймін, көп қозғала бермеймін. Жұмыста да, әсіресе түнгі ауысымда, жиі темекі шегетінмін. Бір ауысымда бір қорап темекі шегетінмін деуге болады», – деді науқас.

Дәрігерлер ер адамның мұндай жағдайға түсуіне негізгі себеп темекі шегу болғанын айтады. Аяқтарын сақтап қалу үшін тамыр хирургтері бес сағаттан астам уақытқа созылған күрделі ота – аорто-жамбас-сандық бифуркациялық шунттау жасады.

«Іш қуысындағы аорта деген үлкен қан тамыры және науқастың мықын артериясы толық бітеліп қалған. Біз шунт, яғни жасанды қан тамыры арқылы төменгі аяқтарға қан өткізіп, қан айналымын қалпына келтірдік», – деді Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының тамыр хирургі Несіпжан Пірімбет.

Қазір науқастың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Ол өздігінен жүріп-тұра бастады, оңалту курсынан өтіп жатыр және ауруханадан шығуға дайындалуда. Ер адам толық айыққан соң жұмысына қайта оралып, салауатты өмір салтын ұстануды жоспарлап отыр.