Жылдық инфляция тамызда 9,8 пайызға дейін баяулады. Осылайша, қымбатшылық қарқыны былтырғы ақпаннан бері бірінші рет 10 пайыздан түсті.
Бұл – көптен күткен жақсы жаңалық. Бірақ ұзаққа созыла ма? Қымбатшылықтың беті толық қайтты деуге негіз бар ма? Жалпы, көрсеткіштің қалай қалыптасқанына үңіліп, сарапшылардың пікірін тыңдап көрдік.
Өсім тоқтаған жоқ, тек баяулады
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тамызда жылдық инфляция 9,8 пайыз болды. Шілдеде бұл көрсеткіш 10,2 пайыз, ал 2025 жылғы тамызда 12,2 пайыз болған еді. Бір ай ішіндегі баға өсімі 0,6 пайыз болды. Айлық көрсеткіш шілдеде де осы деңгейде болған.
Бұл деректі дұрыс түсіну үшін инфляцияның төмендеуі мен бағаның арзандауы екі бөлек ұғым екенін ескерген жөн. Инфляция 12,2 пайыздан 9,8 пайызға түсті дегеніміз – баға арзандады деген сөз емес. Тауарлар мен қызметтер бұрынғыдан ары қарай қымбаттап жатыр. Тек баяуырақ.
Мұны қарапайым есеппен көрсетуге болады. Егер белгілі бір тауардың бағасы 2024 жылғы тамызда шартты түрде 1 000 теңге болса, 12,2 пайыздық инфляциядан кейін 2025 жылғы тамызда 1 122 теңгеге жетеді. Одан кейінгі 9,8 пайыздық өсімді есептесек, 2026 жылғы тамызда сол тауардың бағасы шамамен 1 232 теңге болады. Яғни, инфляция бәсеңдегенімен, екі жыл ішінде тауар 232 теңгеге қымбаттаған. Сондықтан ресми көрсеткіш төмендеген кезде де халықтың оны сезінбеуі – заңды құбылыс. Статистика бағаның бұрынғы қалпына келгенін емес, оның өсу жылдамдығы азайғанын көрсетеді. Яғни, бұл қымбатшылық тоқтады деген сөз емес, баға өсімі біршама саябырлай бастағанының нышаны.
Көкөніс пен жеміс – басты тежегіш
Жалпы, инфляцияның төмендеуіне азық-түлік бағасының өзгеруі шешуші ықпал етті. Азық-түлік бір жылда 9,5 пайызға қымбаттағанымен, тамыз айының өзінде 0,1 пайызға арзандады. Шілдеде, керісінше, оның бағасы 0,4 пайызға өскен еді.
Жаздың соңында отандық көкөніс пен жемістің жаңа өнімі саудаға молынан шығады. Ұсыныс көбейген кезде бағаның төмендеуі – жыл сайын қайталанатын қалыпты құбылыс. Тамызда картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз және алма арзандаған. Жеміс-жидек пен жаңғақ бағасы бір жылда 0,7 пайызға, көкөніс 2,5 пайызға төмендеді.
Дегенмен азық-түліктің бәрі бірдей арзандады деуге болмайды. Бір жыл ішінде ет пен құс еті 12,9 пайызға, шұжық пен ет өнімдері 14,3 пайызға, қышқыл сүт өнімдері 13 пайызға, ірімшік пен сүзбе 10,4 пайызға қымбаттаған. Нан және нан өнімдерінің бағасы 9,5 пайыз өсті.
Демек, тамызда көкөніс пен жеміс бағасының төмендеуі азық-түлік инфляциясын тежегенімен, күнделікті ас мәзіріндегі негізгі өнімдердің қымбаттауын тоқтата алған жоқ. Отбасы бюджетіндегі ет, сүт, нан және дайын тағамдарға кететін шығын әлі де көбейіп келеді.
Осы жайт тамыздағы нәтижеге сақтықпен қарауды талап етеді. Көкөніс пен жемістің арзандауы көбіне маусымға байланысты. Жаңа өнім азайып, сақтау мен тасымалдау шығыны қосылған кезде олардың бағасы қайта өсуі мүмкін. Сондықтан инфляцияның шын мәнінде қаншалықты баяулағаны күз бен қыс айларында анық көрінеді.
Тәуелсіз Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы тамыздағы жылдық инфляцияны 9,9 пайыз, айлық өсімді 0,6 пайыз деп болжаған еді. Нақты нәтиже тиісінше 9,8 және 0,6 пайыз болды. Жалпы, болжам дәл шыққанымен, оның ішкі бөліктерінде айырма бар. Зерттеу бюросы азық-түлік инфляциясын 9,9 пайыз болады деп күткен, ал нақты көрсеткіш 9,5 пайыз болды. Керісінше, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер болжанғаннан көбірек қымбаттаған. Бұл жалпы санның қалай жақсарғанын анық аңғартады: азық-түлік бағасы күткеннен жақсырақ төмендеген, ал қалған шығындардағы қымбатшылық болжамнан жоғары болған. Екі бағыттағы айырма бірін-бірі жауып, жалпы инфляция 9,8 пайыз болып шықты.
Басқасы бәсеңдеген жоқ
Тағы да бір ескеру керек жайт – азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердегі өзгеріс. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бір жылда 11,4 пайызға қымбаттады. Бұл – инфляцияны құрайтын үш негізгі бөліктің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Тамыздың өзінде олардың бағасы 0,8 пайызға өсті. Шілдеде айлық өсім 0,7 пайыз болған.
Киім бір жыл ішінде 10,2 пайызға, аяқ киім 10,8 пайызға, жуғыш заттар 11,3 пайызға, бензин 12,8 пайызға қымбаттаған. Жеке қолдануға арналған тауарлардың бағасы 13,1 пайыз өсті.
Бұл тауарлардың көбі импортқа, теңгенің бағамына, тасымал құнына және өндірушілердің шығынына тәуелді. Сол себепті олардың бағасы көкөніс пен жеміс секілді белгілі бір маусымда күрт арзандай қоймайды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардағы 11,4 пайыздық өсім қымбатшылықтың экономикада әлі де кең таралғанын көрсетеді.
Ақылы қызметтерде де осыған ұқсас жағдай байқалып отыр. Олардың жылдық қымбаттауы 8,9 пайыз болғанымен, тек тамыз айында баға 1,2 пайызға көтерілді. Шілдеде бұл көрсеткіш 0,7 пайыз еді.
Әсіресе, баспана жалдау құны бір жылда 17,1 пайызға өскен. Тарату желілері арқылы жеткізілетін газ 20 пайызға қымбаттады. Тұрғын үйді күтіп ұстау, жөндеу, қоғамдық тамақтану, көлік және өзге де қызметтердің бағасы отбасының тұрақты шығынына тікелей әсер етеді.
Көкөніс арзандаса, оны тұтынушы бірден байқайды. Бірақ сол аралықта жалдау ақысы, жол шығыны немесе тұрмыстық қызмет құны өссе, күнделікті өмірде қымбатшылықтың бәсеңдегені сезілмейтіні анық. Жалпы инфляция төмендегенімен, адамдар ай сайын төлейтін негізгі қызметтер мен ұзақ қолданылатын тауарлар әлі де қымбаттап жатыр.
Өңірлердің жартысында өзгеріс тіркелді
Өңірлер бойынша сараласақ, 20 аймақтың онында инфляция 10 пайыздан төмендеді. Бұл – баға өсімінің баяулауы ел аумағының едәуір бөлігін қамти бастағанын көрсететін маңызды өзгеріс. Ең төмен инфляция Қарағанды облысында тіркелді – 8,1 пайыз. Алматы қаласында ол 8,7 пайыз, Павлодар облысында 9 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 9,1 пайыз, Ақтөбе облысында 9,2 пайыз болды. Абай облысындағы жылдық инфляция – 9,3 пайыз.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында баға бір жылда 12 пайызға өскен. Жетісу облысында инфляция 11,7 пайыз, Ақмола облысында 11,6 пайыз, Түркістан облысында 11,3 пайыз болды. Алматы облысындағы көрсеткіш – 10,7 пайыз.
Ең жоғары және ең төмен инфляция тіркелген өңірлердің арасындағы айырма 3,9 пайыздық тармаққа жетеді. Бұл аз көрсеткіш емес.
Өңірлердегі бағаның әртүрлі өсуіне бірнеше себеп бар. Кей облыс ауыл шаруашылығы өнімін өзі өндіреді, енді біріне азық-түлік алыстан тасымалданады. Ірі қалаларда баспана жалдау мен қызмет көрсету қымбат болуы мүмкін. Солтүстік өңірлерде жылыту маусымы мен жеткізу шығынының әсері көбірек сезіледі. Жергілікті нарықтағы бәсеке мен халық табысының деңгейі де бағаға ықпал етеді. Қарағанды облысында тұратын азамат пен Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрғынның табысы бірдей болғанымен, олардың күнделікті шығыны әртүрлі болуы мүмкін.
Атаулы жалақы өсті, нақты жалақы кеміді
Инфляцияның халық тұрмысына әсерін түсіну үшін баға мен жалақыны қатар қарау қажет. Адамның жағдайы айлығының қанша теңгеге өскенімен емес, сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып ала алатынымен өлшенеді. Ұлттық статистика бюросының жақында ғана жариялаған дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңгеге жетті. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға көп.
Бірақ сол аралықта тұтыну бағасы жалақыдан жылдамырақ өскен. Соның салдарынан нақты жалақы индексі 98,2 пайыз болды. Яғни, жалақының тауар мен қызмет сатып алуға жететін мөлшері бір жылда 1,8 пайызға кеміді.
Мысалы, қызметкердің айлығы 450 мың теңгеден 488 мың теңгеге дейін өсті делік. Ақшалай есептегенде ол бұрынғыдан 38 мың теңге артық алады. Бірақ азық-түлік, киім, жол, дәрі-дәрмек, баспана және қызметтер бұдан да жылдам қымбаттаса, жалақының өскені тұрмыстан сезілмейді. Керісінше, ай соңында қалатын қаражат азаюы мүмкін.
Ал 2026 жылдың екінші тоқсанындағы медианалық жалақы 348 415 теңге болды. Бұл жұмыс істейтін азаматтардың жартысы осы сомадан аз, қалған жартысы одан көп жалақы алатынын көрсетеді. Орташа және медианалық жалақының арасында шамамен 138 мың теңге айырмашылық бар.
Салалар бойынша да жағдай біркелкі емес. Мәселен, білім беру саласындағы атаулы жалақы бір жылда небәрі 3,2 пайызға өскен. Бұл жалпы инфляциядан әлдеқайда төмен. Ақпарат және байланыс саласында нақты жалақы 6 пайызға, тұру және тамақтану қызметтерінде 2,4 пайызға, көлік пен қоймалауда 1,8 пайызға кеміген.
Кей салада жалақы өскенімен, қымбатшылық оның түгелін дерлік жұтып қойған. Осыдан келіп ресми инфляция мен халықтың оны сезінуінің арасындағы алшақтық пайда болады. Статистика баға өсімінің орташа қарқынын көрсетеді. Ал әр отбасы өзінің табысына, тұратын өңіріне және күнделікті сатып алатын тауарына қарай қымбатшылықты әртүрлі сезінеді. Табысының басым бөлігін азық-түлікке, баспанаға және жолға жұмсайтын отбасы үшін жеке инфляция ресми 9,8 пайыздан жоғары болуы мүмкін.
Базалық мөлшерлеме тағы төмендей ме?
4 қыркүйекте Ұлттық Банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Қазір мөлшерлеме 16,75 пайыз деңгейінде. Шілдеде ол 17 пайыздан 16,75 пайызға төмендетілген еді.
Инфляцияның 10 пайыздан түсуі мөлшерлемені тағы азайтуға мүмкіндік беретіндей көрінеді. Жылдық көрсеткіш баяулады, айлық өсім екі ай бойы 0,6 пайыз деңгейінде қалды. Жоғары мөлшерлеме несиені қымбаттатып, кәсіпкерлердің жаңа жоба бастауына және өндірісті кеңейтуіне кедергі келтіреді.
Алайда мөлшерлемені төмендетуге асықпауға да себеп бар. Тамыздағы жалпы көрсеткішті маусымдық азық-түлік жақсартты. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер ары қарай қымбаттады. Нақты жалақы азайғанымен, несие арзандаған жағдайда тұтыну қайта күшеюі мүмкін. Сұраныстың артуы бағаны тағы үдетуі ықтимал.
Ұлттық Банк бір ғана 9,8 пайыздық көрсеткішке сүйеніп шешім қабылдай алмайды. Ол бағаның қай тауарлар мен қызметтерде өсіп жатқанын, халықтың алдағы қымбатшылыққа қатысты болжамын, теңгенің бағамын, несие көлемін және ішкі сұранысты бірге бағалауға тиіс.
Мөлшерлемені төмендету кәсіпкерлер мен қарыз алушыларға қолайлы. Ал мөлшерлемені жоғары деңгейде ұзақ сақтау бағаны тежеуге көмектіргенімен, экономиканың дамуын баяулатуы мүмкін. Сондықтан 4 қыркүйектегі шешімде инфляцияның 10 пайыздан түскені ғана емес, сол төмендеудің қаншалықты орнықты екені маңызды болмақ.