Алысты жақындатқан сапар

Бүгін, 14:16 / Ербұлан Қайрат

Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті Тхонглун Сисулит 3 қыркүйекте Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл – Лаос басшысының елімізге жасаған алғашқы 
ресми сапары. 

Астанада өткен келіссөздер қорытынды­сын­да екі мемлекет басшысы Бірлескен мә­лім­деме қабылдап, төрт ведомствоаралық құ­жатқа қол қойылды. Алайда сапардың не­гіз­гі нәтижесі құжаттардың санымен ғана өл­шенбейді. Ең маңыздысы Қазақстан Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия нары­ғы­на шығуды, ал Лаос Қазақстан арқылы Ор­­­талық Азия мен Еуропаға жол ашу мүм­кін­дігін алғаш рет нақты саяси-экономикалық мін­дет ретінде белгілегені болып отыр.
Тхонглун Сисулитті Астанадағы Тәуел­сіз­дік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Салтанатты рәсімнен кейін мемлекет бас­шылары алдымен шағын құрамда, содан соң екі ел делегацияларының қатысуымен келіс­сөз жүргізді.
Бұл сапардың тарихи деп бағалануының бірнеше себебі бар. Біріншіден, екі ел дипло­ма­тиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы қар­саңында мемлекет басшылары деңгейін­дегі байланысты жаңа сатыға көтеріп отыр. Екіншіден, бұған дейін Қазақстан мен Лаос арасындағы қатынас негізінен халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қолдаумен және жекелеген гуманитарлық байланыстармен шектеліп келген еді. Енді тараптар осы қаты­насты сауда, көлік, цифрландыру, білім және туризм салаларындағы нақты жұмысқа ұлас­тыруға ниет білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Лаосты Қазақ­стан­ның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп атады. Қазақстан мен Лаос Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өзара қол­дау көрсетіп келеді. Лаос Астананың Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңеске қатысты бастамаларына да қолдау білдірген. Сондықтан бүгінгі келіс­сөздер бұрыннан қалыптасқан саяси сенімді экономикалық мазмұнмен толықтыруға ба­ғытталды.
Лаос Президенті де Қазақстанмен бай­ла­ныстың тарихи негізіне назар аударды. Оның айтуынша, жүздеген Лаос азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алған. Қазір олардың бір бөлігі мемлекеттік қыз­метте, кәсіпкерлік пен басқару саласында ең­бек етіп жүр. Бұл – екі елді байланыс­тыра­тын көпір. 
Келіссөздердің экономикалық өзегі сауда көлемін ұлғайту және екі елдің транзиттік мүм­кіндігін ұштастыру болды. Қазақстан Лаос нарығына металлургия, азық-түлік, мұ­най химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнер­кәсібі, машина жасау және фармацевтика өнім­дерін жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл тауарлардың тізімі кездейсоқ таңдалған жоқ. Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азияға тек ши­кізат емес, өңделген және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүдделі. Лаос на­ры­ғының өзі аса ірі болмаса да, оның геог­ра­фиялық орны Қазақстан үшін маңызды. Лаос Қытаймен, Вьетнаммен, Таиландпен, Камбод­жамен және Мьянмамен шектеседі. Демек, бұл елмен орнықты сауда байланысын қалыптас­тыру Қазақстан кәсіпорындарына тұтас Оң­түстік-Шығыс Азия нарығына қарай жол ашуы мүмкін.
Лаостың да теңізге тікелей шығатын мүм­кіндігі жоқ. Соған қарамастан, кейінгі жыл­дары ел көлік инфрақұрылымын дамытып, Қы­тай мен Оңтүстік-Шығыс Азияны жалғай­тын құрлықтағы маңызды буынға айналуға талпынып келеді. Әсіресе, Лаос – Қытай те­мір­жолы елдің транзиттік әлеуетін едәуір жақсартты. Қазақстан да Еуропа мен Азия ара­сындағы құрлықтық тасымалда маңызды орын алады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, Қытай мен Еуропа арасында құр­лық­пен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайы­зы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Елі­міздің Қытайдың Ляньюньган портында және Грузияның Батуми портында терми­нал­дары бар. Сиань қаласында қазақстандық ло­гистикалық хаб жұмыс істейді. Қазақстан тарапы осы инфрақұрылымды лаостық жүк тасымалдаушыларға пайдалануды ұсынды. Өз кезегінде Лаос Қазақстан тауарларының Оңтүстік-Шығыс Азияға шығуына мүмкіндік беретін бағыт ретінде қарастырылып отыр.  
Келіссөз қорытындысы бойынша 
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екіжақты байланысты кеңейтуге арналған бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сонымен бірге төрт меморандумға қол қойылды.
Бірінші құжат Қазақстан мен Лаос сырт­қы істер министрліктері арасындағы саяси консультацияларға арналған. Бұл меморандум екі елдің халықаралық мәселелер бойынша ұста­нымдарын тұрақты түрде талқылауына мүмкіндік береді. Бұған дейін байланыс кө­біне халықаралық жиындар аясындағы кез­десулермен шектелсе, енді сыртқы саясат ведо­мстволары арасында жүйелі кеңесу тетігі пайда болады.
Екінші меморандум Қазақстанның Бас Про­куратурасы мен Лаостың Жоғарғы халық прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық тура­лы. Құжат құқықтық көмек, тәжірибе ал­масу және қылмысқа қарсы күрес бағытын­дағы байланысты дамытуға негіз қалайды.
Үшінші құжат ақпараттық-коммуни­кация­лық технологиялар мен электрондық мемлекеттік қызметтерге қатысты. Оған Қа­зақ­станның Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігі мен Лаостың Ғылым және технологиялар министрлігі қол қойды. Қазақстан электронды үкімет, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және азаматтарға қыз­мет көрсетуді жеңілдету саласында жи­на­ған тәжірибесін Лаосқа ұсына алады. Бұл бағыт Қазақстанның цифрлық шешім­дерін сырт­қы нарыққа шығаруға да мүмкіндік бере­ді.
Төртінші меморандум Астана мен Вьен­тьян арасында бауырластық байланыс ор­натуды көздейді. Екі астана арасындағы бай­ланыс кәсіпкерлердің, жоғары оқу орын­дарының, мәдениет мекемелері мен туристік ұйымдардың тікелей әріптестігіне жол аша алады.
Осылайша, Тхонглун Сисулиттің Астанаға алғашқы ресми сапары саяси байланыстың жаңа тәртібін белгілеп берді. Ендігі міндет – қабылданған мәлімдемелер мен меморандум­дарды нақты жобаға айналдыру.