«Заң мен тәртіп»: құқықтық нигилизмді жеңудің жолы

Бүгін, 17:00 / Túrkіstan IPW

Қоғамның дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығы, ең алдымен, заңға деген құрметтен басталады. Заң үстемдігі орныққан жерде азамат өз құқығын біледі, өз міндетін түсінеді және әділеттілікті құқықтық жолмен талап ете алады. Ал заңға немқұрайлы қарау, құқықтық нормаларды тек жазалау құралы ретінде қабылдау немесе мәселені заңнан тыс жолмен шешуге ұмтылу – құқықтық нигилизмнің белгілері.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда «Заң мен тәр­тіп» қағидатын орнықтыруға ба­ғытталған бастамаларының мәні тек құқық бұзу­шы­лықпен күресумен шек­телмейді. Оның түп­кі мақсаты – заңды құрметтейтін, өз құ­қығын білетін және өзгенің құқығына қол сұқпайтын қоғам қалыптастыру. Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясат­тың негізгі бағыт­та­ры­ның бірі ретінде айқындауы осы тұрғыдан алған­да стра­тегиялық мәнге ие.
Заңгер-практик ретінде бұл мәсе­лені күн­делікті жұмыс барысында анық се­зі­не­мін. Азаматтардың сотқа, мемлекеттік ор­­­­гандарға немесе құқық қорғау инс­ти­тут­тарына жүгіну кезінде өз құқықтарын то­л­ық білмеуі, заң та­лап­тарын түсіндіруде қиын­дықтарға тап болуы – құқықтық ни­гилизмнің бір көрі­нісі. Кей жағдайда адам өз құқығы бұ­зылғанын біле тұра, оны заң­ды тәсіл­дермен қорғауға сенімсіздік та­нытады. Ал кейбір азаматтар құқықтық мә­селені таныстықпен, қысыммен немесе бас­қа да заңнан тыс жолдармен шешуге бо­ла­ды деп ойлайды.
Меніңше, құқықтық нигилизмді тек жа­залау арқылы жеңу мүмкін емес. Құ­қық бұзушылықтың салдарымен күре­сумен қа­тар оның себептеріне назар ау­дару қа­жет. Бұл жерде құқықтық ағар­­­ту­дың маңы­зы ерекше.
Осы бағытта мен кәсіби қызме­тім­мен қа­тар, қоғамдық және ағартушылық жұ­мыс­тарға да қатысып келемін. Астана қа­ла­сы Білім басқармасының «Заң мен тәр­тіп» пилоттық жобасының тәлімгері ре­тін­де мектеп оқушыларына құқықтық білім беру­ге атсалысып жүрмін. Балалар­ға ар­нал­ған «Буллинг деген не?» кітабын жазуым да осы ұстанымнан туындады. Се­бебі заңды құр­­меттеу ересек адамның жауапкершілігі ғана емес, ол балалық шақ­тан қалыпта­са­тын мәдениет.
Мен үшін «Заң мен тәртіп» қағидаты­ның ең маңызды өлшемдерінің бірі – адам­ның құ­­қықтарын қорғау. Тәртіп пен құқық бір-бі­ріне қарсы ұғымдар емес. Керісінше, шы­­­­найы тәртіп адам­ның құқығы мен бос­тандығы заңмен қор­ғалған жағдайда ғана орнығады. Заң тәртіпті қамтамасыз етеді, ал құқық сол тәртіптің адамға қызмет етуін қам­тама­сыз етеді.
Осы тұрғыдан алғанда жаңа Консти­туция­­ның қабылдануы еліміздің құ­қық­тық дамуы үшін маңызды кезең болды. Жаңа Ата Заңда адамның негізгі құқық­тары мен бос­тандықтарына, оларды сот арқылы қор­ғауға, заң мен сот алдында теңдікке ерекше мән берілген. Әр адам­ның өз құқығы мен бос­тандығын қор­ғау­ға және білікті заң көмегін алуға конс­титуциялық деңгейде бекітілген.
Бұл нормалардың маңызы – Конс­ти­туция­ның құқықтық мемле­кет­тің негізгі өл­шемін нақты көрсетуін­де. Мемлекет заң та­лаптарын азаматтан ғана күтпеуге тиіс. Мем­­лекеттік орган­дар мен лауазымды адам­­дардың өздері де Конституция мен заң­­ды қатаң сақ­тауға міндетті. Жаңа Конс­ти­туцияда мем­лекеттік органдардың аза­мат­тар­дың құқықтары мен мүдделеріне қа­тысты құжаттар мен ақпаратқа қол жет­­­кізу мүмкіндігін қамтамасыз етуі де бе­кі­­тілген.
Демек, «Заң мен тәртіп» дегеніміз – аза­­мат­ты заңға бағындыру ғана емес, мем­­ле­кет­тің де заңға бағынуы. Бұл қа­ғи­даттың шы­найы мәні осында.
Президенттің құқықтық нигилизмге жол бермеу туралы ұстанымы да осы мә­­­­се­лемен тікелей байланысты. Мем­ле­кет бас­шысы ғалымдардың қоғамдағы ағарту­шы­лық рөліне назар аударып, құқықтық ни­гилизмге қарсы күресте бі­лім мен ғылым­ның маңызын атап өт­ті.
Менің ойымша, құқықтық ниги­лизм­ді еңсеру үшін үш бағыт қа­тар жү­руі қажет.
Біріншіден, құқықтық білім. Азамат өзінің құқығын білмесе, оны тиімді пайдалана алмайды. Сондықтан құқық­тық сауаттылық мектептен бастап қа­лып­тасуы қажет.
Екіншіден, құқық қолдану сапасы. Азамат заңның өзінің өміріндегі нақты нәтижесін көруі керек. Егер адам заңға жүгініп, әділ шешімге қол жеткізе ала­ты­нына сенсе, оның құқыққа деген құр­­­­меті де артады.
Үшіншіден, құқықтық жауапкер­ші­лік пен әділеттіліктің бірлігі. Заң бәріне бір­дей қолданылғанда ғана қоғамда заң­ға деген сенім қалыптасады. Заң мен сот алдында теңдік – құқықтық мемле­кет­тің негізгі өлшемдерінің бірі.
Осы үш бағытты біріктіретін ортақ ұғым – құқықтық мәдениет. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда адам заңнан қо­рыққандықтан емес, заңның әді­лет­тілі­гіне сенгендіктен оны сақтайды.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағи­датын тек мемлекеттік органдардың немесе құқық қорғау саласының міндеті ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ мәдениеті. Оның ішінде ата-ана, мұғалім, заңгер, мемле­кет­тік қызметші, журналист және әрбір аза­маттың өзіндік жауапкершілігі бар.
Мен заңгер ретінде «Заң мен тәртіп» қағидатының толыққанды орнығуы үшін құқықтық ағарту мен құқықтық ғы­лымды күшейту қажет деп есептеймін. Құқықтық нигилизмді жеңудің ең тиім­ді жолы – азаматқа заңды түсіндіру, оның құқығын қорғауға мүмкіндік беру жә­не заңның баршаға бірдей жұмыс іс­тейтініне нақты көз жеткізу.
Жаңа Конституция осы бағытта құ­қықтық негіз қалыптастырды. Ендігі мін­дет – сол конституциялық норма­лар­ды күнделікті өмірде нақты құқық­тық мәдениетке айналдыру.
Сондықтан бүгінгі басты міндет – заң­ды білетін және заңды құрметтейтін қоғам қалыптастыру. Бұл – құқықтық нигилизмді еңсерудің ең сенімді жолы.

Нұрсұлтан Орынбеков, 
заңгер, 
Қаржы мониторинг агенттігінің қоғамдық 
кеңесінің мүшесі

Тэгтер:

Заң тәртіп