Артық салмақтан қалай арыламыз?

Бүгін, 16:00 / Арайлым Жолдасбекқызы

Қазақстанда кейінгі 15 жыл бедерінде артық салмақ пен семіздікке шалдыққандар көбейіп, ұлттық дертімізге айнала бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен отандық Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жүргізген зерттеулер бұл мәселе жай ғана артық салмақ емес, бүкіл ағзаның зат алмасу жүйесін күйретіп жатқан нағыз метаболикалық дағдарысқа айналғанын көрсетіп отыр. Бүгінде ересектер арасында дене массасының индексі 30-дан асатын семіздік деңгейі орташа 15-18 пайыздан 21-23,7 пайызға дейін көтерілген. Ал дене массасының индексі 25-тен жоғары артық салмағы бар азаматтарды қосқанда, бұл көрсеткіш ересек тұрғындардың 56 пайызына жетеді. Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігінің диспансерлік есебіне тек ауыр клиникалық жағдайлар ғана тіркелетіндіктен, ресми статистика ахуалдың шынайы масштабын бермейді. Халықаралық скринингтер халықтың жартысынан астамы дертке шалдыққанын дәлелдесе де, ресми есепте бұл сандар біршама төмен болып көрінеді.

Семіздіктің жас ерекшеліктеріне қа­тысты көрсеткіштері де көңіл көн­­шітпейді. Ересектер арасында кли­ни­ка­лық семіздік әйелдерде (25,3 пайыз) ер­лерге (21,4 пайыз) қарағанда басымырақ тіркелгенімен, ер-азаматтар арасында ішкі органдардың майлануы өсіп келеді. Оның салдары жас ұрпаққа да тиіп жатыр. ДДСҰ-ның балалар семіздігін бақылау бастамасы мен ЮНИСЕФ-тің мәлі­мет­те­ріне сәйкес, 5-9 жас аралығындағы әрбір бе­сінші баланың салмағы нормадан жо­ғары болса, олардың 6,5-10 пайызы кли­ни­­калық семіздікке шалдыққан. Осының сал­дарынан кейінгі жылдары 14 жасқа дейін­гі балалар арасында бұрын-соңды сирек кездесетін, семіздікпен тікелей байланысты 2-типті қант диабетінің ал­ғашқы аурушаңдығы 10,6 пайызға артты. 
Аймақтық және жаһандық деңгейде алсақ, Қазақстан Орталық Азия бойынша артық салмақ жинау қарқыны жағынан көш бастап тұр. Көршілес Өзбекстан мен Түркіменстанмен жалпы көрсеткіші пара-пар болғанымен, еліміздегі жоғары урба­низация деңгейі семіздіктің 2-типті диа­бет пен жүрек-қантамыр ауруларына ұласу қаупін еселей түседі. Әлемдік статистикамен салыстырғанда да жағдай мәз емес. Артық салмағы бар ере­сектердің жаһандық орташа деңгейі 45 пайыз болса, Қазақстанда ол 56 пайызға жет­кен. Еліміз бұл көрсеткіш бойынша АҚШ (71 пайыз), Ұлыбритания (62 пайыз) сияқты Батыс мемлекеттерінен төмендеу болғанымен, дәстүрлі тамақтану мәдениетін берік ұстанатын Жапониядан (24 пайыз) екі еседен астам алда тұр.

Себебі көп семіздік

Семіздіктің белең алуы жалғыз се­беп­тен емес, әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдай мен күнделікті тұрмыстың тоғысуынан туындап отыр. Ең алдымен, еліміздің тұтыну мәдениетінде өзгеріс көп. Халық дәстүрлі ақуыз пен табиғи майға бай ұлттық астан алшақтап, рафи­над­тал­ған көмірсуларға, трансмайларға және өң­делген тағамдарға ойысты. Тез дайын­далатын фастфуд, қантты сусындар мен кондитерлік өнімдер арзан болғанымен ка­лориясының жоғарылығы ағзаны ал­дамшы тоқтық сезіміне арбайды да, адам­ды қажетті мөлшерден асыра тамақтануға мәжбүрлейді. 
Оған қоса, жылдам урбанизация мен аз қозғалатын өмір салтының салдары дерт­ті тереңдете түсті. Қалалану дең­гейі­нің артуы, көліктің дамуы, кеңседегі жұ­мыс пен цифрлық ойын-сауықтың көбеюі физикалық белсенділікті күрт төмендетті. Қалаларда жаяу жүруге, велосипед тебуге немесе спортпен тегін шұғылдануға ар­нал­ған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де мәселені өршітіп отыр. Бұл тұрғыда кері әлеуметтік-экономикалық градиент кө­рініс табады. Табысы төмен немесе орташа отбасылар органикалық ақуыз бен жаңа піскен көкөніске қарағанда, арзан әрі уа­қытша тоқ ұстайтын ұн мен қант өнім­дерін сатып алады екен. Мұның үстіне созыл­малы күйзеліс пен ұйқының қан­бауы кортизол мен аштық гормонының деңгейін көтеріп, тоқтық гормонын тө­мен­детеді де, биохимиялық деңгейде адам­ды калориясы жоғары тамақтарды тұтынуға итермелейді.
Медицинада дене массасының ин­дексі 40-тан асатын немесе сал­мағы нормадан 45-50 килограмнан астам жағдайлар клиникалық ауыр семіздік болып саналады. Салмағы 150-ден 300 килограмға дейін жететін азаматтардың нақты статистикасы эпидемиологиялық есептерде бөлек көрсетілмейді, өйткені бұл топ тіркелген семіздікпен ауыратын­дардың шамамен 2-5 пайызын құрайды. Де­генмен 30-50 жас аралығында бұл мәсе­ленің жиілеуі өзіндік ерекшеліктерге ие. Себебі бұл жас шамасы – адамның кәсіби және тұрмыстық белсенділігінің шыңы болғанымен, сонымен бірге ағзада зат ал­масу процесінің баяулай бастайтын кезеңі. Оның үстіне мұндай аса жоғары салмақ бірден жиналмай, 10-15 жыл бойы созыл­ған метаболикалық бұзылыстардың сал­дарынан 30-дан асқанда ең жоғары шегіне жетеді.
Адам салмағының 150-300 килограмға дейін жетуі тек «көп тамақтанудың» сал­дары емес, бұл – бірнеше фактор тоғысқан күрделі патология. Оған ағзаның тоқтық гормонын сезбей қалуы, гипотиреоз, «Кушинг синд­ро­мы» және гипоталамус деңгейіндегі зат алмасудың терең бұзылыстары сияқты медициналық әрі нейроэндокриндік факторлар себеп болады. Сонымен қатар компульсивті тоқтаусыз тамақтану, депрес­сия, созылмалы күйзелісті тамақпен басу және балалық шақтағы психо­ло­гиялық соққылар сыңайлы тамақтану мінез-құлқының бұзылуы да теріс ықпал етеді. Бұған қимыл-қозғалыстың аздығы, арзан рафинадталған көмірсуларға тәуел­ділік және әлеуметтік оқшаулану сияқты тұрмыстық жағдайлар қосылып, адам үйден шықпаған сайын салмақ қосу қарқыны арта түседі.
Мұндай пациенттердің медици­на­лық көмекке өте кеш, көбінесе төсекке таңылғанда немесе өмірге қауіп төн­генде бір-ақ жүгінуінің өзіндік себеп­тері бар. Басты кедергінің бірі – қоғамдағы және тіпті медицина қызметкерлері тара­пынан болатын «бұл сенің өз кінәң, ерік-жігерің жоқ» деген айыптаушы көзқарас. Адам ұялғандықтан дәрігерге барудан қашады. Екіншіден, салмақ қосу процесі жылдарға созылғандықтан, пациентте пси­хологиялық мойындамау қалыптасып, өз жағдайының қауіптілігін соңғы шекке дейін сезбеуі мүмкін. Тіпті тұрмыстық шек­теулер де қолбайлау болады. Салмағы 180-200 килограмнан асқанда адам емха­наға өз аяғымен  жете алмайды, себебі ол пассажирлік лифтке сыймайды, таксиге немесе қоғамдық орындардағы орын­дық­тарға отыра алмайды.
Бұл жағдай өмір сүру сапасына, ең­бек­ке қабілеттілікке және өмір сүру ұзақ­тығына тікелей соққы болып тиеді. Ауыр салмақты көтере алмаған-дықтан буындар мен омыртқа артроз, коксартроз ауру­ларына шалдығып, азаматтар 30-40 жасында-ақ еңбекке қабілеттілігінен айы­рылып, мүгедектік топ алуға мәжбүр бола­ды. Морбидті семіздік адам өмірін орта есеппен 10-15 жылға қысқартады. Олар­дың басты өлім себептеріне инфаркт, ин­су­льт, «Пиквик синдромы», яғни гипо­вентиляция және ұйқыдағы апноэ жатады. Ақыр аяғында адам өз-өзіне қызмет ету, гигиена сақтау мен киіну қабілетінен айы­рылып, толықтай жақындарының күті­мі­не тәуелді болып қалады.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйе­­­­­­­­­­сінде бұл бағытта белгілі бір емдеу ша­­ра­лары қарастырылған. Елімізде ба­риат­риялық хирургия дамып келеді, атап айт­қанда, асқазанды шунттау немесе асқа­занның жеңді резекциясы жасалады. Мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде дене массасының ин­дексі 40-тан асқан, қосымша аурулары бар азаматтарға ота жасауға квота бө­лінеді. Одан бөлек эндокринолог, диетолог жә­не психотерапевттердің амбула­тория­лық бақылауы түріндегі консервативті ем де бар.
Дегенмен бұл салада іргелі қиындық­тар мен жүйелік мәселелер әлі де жетерлік. Ең бастысы – инфрақұрылымдық дайын­дық­тың болмауы. Ауруханалар мен жедел жәрдем кызметтері салмағы 150-200 ки­лограмнан асатын пациенттерді тасы­малдауға және диагностикалауға толық бейімделмеген. Стандартты компьютерлік және магнитно-резонанстық томография аппараттарының салмақ шектеуі көбіне 120-150 килограмм төңірегінде болған­дық­тан, операциялық үстелдер мен ар­найы таразылардың жетіспеушілігі де диаг­ностикаға кедергі келтіреді. Сонымен бірге семіздікті емдеуде психотерапевт, бариатр-хирург, диетолог және реаби­литолог тобы қатар жұмыс істейтін муль­ти­дисциплинарлы тәсіл ақсап тұр, бұл мамандардың өзара байланысы төмен. Оның үстіне оңалту орталықтарының жоқ­тығынан бариатриялық операциядан кейін немесе консервативті ем кезінде пациенттерге ұзақмерзімді психологиялық және нутрициологиялық қолдау жетіспей келеді. Халықаралық бариатриялық зерт­теулердің дерегіне сүйенсек, отадан кейін­гі алғашқы 1-1,5 жылда пациенттер артық салмағының 60-80 пайызын тастайды. Тіпті мұндай хирургиялық емнің нәти­жесінде 70-80 пайыз жағдайда қант диа­беті кейін «шегініп», аурудың беті толық қайтады.

Семіздіктің салмағы 

Семіздік – оқшауланған физиология­лық жағдай емес, ол ағзадағы созылмалы тө­мен деңгейлі қабыну процесін туды­ра­тын жүйелі патология. Ол зат алмасуды бұ­зып, 2-типті қант диабетінің даму қау­пін 7-ден 12 есеге дейін арттырады. Айта кету керек, Қазақстанда диабетпен ауыра­тын­дардың 80 пайыздан астамында артық салмақ тіркелген. Сондай-ақ бұл дерт ар­те­рия­лық гипертензия, ишемиялық жүрек ау­руы, атеросклероз және инсульт сияқты жүрек-қантамыр жүйесі дерт­тері­нің қау­пін 2-3 есеге жоғарылатады. Дүние­жү­зілік ден­саулық сақтау ұйымы­ның дерек­тері бойынша семіздік рактың 13 түрінің, со­ның ішінде тоқішек, сүт безі, бүйрек және ұйқы безі рагының туын­дауына тікелей ық­пал етеді. Бұған қоса буындардың де­генерациясы, омыртқа жарығы мен қоз­ға­лыстың шектелуі сияқ­ты тірек-қимыл ап­паратының бұзылуына әкеледі.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, се­міздік елдің ЖІӨ-ге екі түрлі шығын ар­қылы салмақ түсіреді. Бұған семіздікпен бай­ланысты созылмалы ауруларды, атап айт­қанда инсулин, диуретиктер, хирур­гия­лық оталар, стационарлық ем мен диа­лизді қаржыландыруға жұмсалатын мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру мен бюджеттің тікелей шығындары жа­тады. Ал жанама шығындар еңбекке уа­­­қытша немесе тұрақты қабілетсіздікке, адамның жұмыста болғанымен денсау­лы­ғына байланысты өнімді жұмыс істей ал­мауына, ауруға байланысты жұмысқа шық­пауына және еңбекке қабілетті жас­та­ғы азаматтардың мерзімнен бұрын қай­тыс болуына байланысты қалып­таса­ды. Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Дүниежүзілік банктің тал­дауларына сәйкес, Қазақстанда артық сал­мақ пен семіздіктің салдары елдің ЖІӨ-ні орта есеп­пен 2,5-3,2 пайызға тө­мен­­детеді. Азамат­тардың жиі ауруы мен өмір жа­сы­ның қысқаруы салда­ры­нан отан­дық жұмыс кү­ші өзінің эконо­ми­ка­лық белсенділігінен айы­­рылып, мемлекетке жы­лына жүздеген мил­лиард теңге жанама шы­ғын келтіріп отыр.

Арықтататын арнайы жоба

Бұрын шектен тыс се­міз­дер­ді шет­ел­дік бағ­дар­ламалар мен деректі фильм­дер­ден ғана көріп, бұл жағдай тек Батыста немесе мұхиттың ар­ғы бетінде ға­на кездеседі деп қабылдайтын едік. Сал­мағы 300 кг-ға дейін жетіп, өз-өзін бас­қа­рып, қозғала алмай төсекке таңыл­ған жан­дардың тағдыры әрі таңсық, әрі алыс құбылыстай көрінетін. Батыс ме­диа­сын­дағы экстремалды транс­фор­мацияларды таңырқай тамашалап, оны жаһандық қай­шылықтардың немесе америкалық арзан фастфуд мәдениетінің салдары деп бағалайтынбыз.
Бүгінде бұл мәселе бізге де келіп жетті. Ел ішінде 30-50 жас аралығындағы еңбек­ке қабілетті азаматтардың салмағы шекті деңгейге жетіп, тұрмыста да, медициналық кө­мек алуда да оқшауланып қалған оқи­ға­лары жиілеп барады. Дәл осы тұста жат­тықтырушы Айтым Жақыповтың JanaMen жобасы қоғамда бұрын жабық бо­лып келген күрделі түйткілдің пердесін түріп, шындықтың бетін ашты.
Қазақстандық танымал блогер әрі фит­нес-жаттықтырушы Айтым Жақы­пов­тың JanaMen («Жаңа Мен») транс­фор­мация­лық медиа-жобасы экстремалды сал­мағы бар азаматтарға кешенді әрі тегін кө­мек көрсетуді көздейді. Жобаның негізгі әдіс­темесі қатысушылардың белгілі бір уа­қыт аралығында оқшауланып, физика­лық жаттығулары, тамақтануы мен күн тәр­тібі толық бақыланатын ор­тада өмір сү­ретін интенсивті режиміне сүйенеді. Реа­лити-шоу форматында тү­сірілетін мұн­дай медиа-модель қатысу­шы­ларға әлеу­меттік жауапкершілік пен тәртіп жүктесе, қо­ғамдағы семіздікке шал­дыққан азамат­тарға мықты мотива­ция береді. Мұнда сал­мақ тастау процесі балансталған та­мақ­тану арқылы калория­ны қатаң шектеу және физикалық жүкте­ме­ні біртіндеп арттыру негізінде жүзеге асырылады.
Жобаға көбіне салмағы 140-200 ки­лог­рам­­нан асатын, қозғалысы шектелген, ме­та­боликалық синдромға, гипертонияға және депрессияға шалдыққан азаматтар қа­тысады. Алғашқы айларда қатысушылар аптасына 3-7 кг-нан арылса, бірнеше ай­дан бір жылға дейінгі толық цикл ішінде кей­біреулері 50-ден 100 килограмға дейін салмақ тастайды. Ағзадағы өзгерістерді объек­тивті бағалау үшін дене салмағы, дене массасының индексі, бел мен бөксе ай­­на­лымының қатысы сияқты антропо­мет­риялық көрсеткіштермен қатар, қан­дағы глюкоза, гликирленген гемоглобин, холестерин және липидтік спектр деңгейі секілді биохимиялық деректер де тұрақты тексеріледі. Сонымен бірге тыныс алу мен жүрек соғысының қалпына келу ұзақтығы арқылы кардио-респираторлық шыдам­дылық та бақылауда болады.
Тамақтану реформасы рафинад­тал­ған ұн, қант, фастфуд және өңдел­ген тағамдарды рационнан толық шы­ға­рып, табиғи ақуызға, көкөністерге және күр­делі көмірсуларға басымдық береді. Экстремалды семіздіктің түпкі себебі кө­біне психологиялық жарақаттар мен күй­зелісті тамақпен басу әдетінен тұра­тын­дықтан, жобада психологиялық реаби­ли­та­цияға, мінез-құлықты өзгертуге және та­маққа тәуелділікті жоюға баса мән бері­леді. Сондай-ақ созылмалы ұйқысыз­дық­ты жойып, кортизол мен мелатонин гор­мондарының өңделуін реттеу үшін қа­таң күн тәртібі енгізіледі.
Салмағы 150-200 килограмнан асатын адам­дармен жұмыс істеудің өзіндік ерек­ше­ліктері бар. Тізе мен омыртқа буын­дары­ның бұзылуын болдырмау үшін олар­ға жүгіруге, секіруге немесе ауыр сал­мақ көтеруге қатаң тыйым салынады. Жат­тығулар су астындағы қозғалыс, жүзу, ста­тикалық жүктемелер мен төмен қар­қын­ды жаяу жүруден басталады. Жүрек-қантамыр жүйесінің қауіпсіздігі үшін пульс пен қан қысымы тұрақты бақы­ла­нып, инфаркт пен инсульт қаупінің алдын алады. Тіпті 50-100 килограмм аралығында экстремалды салмақ тастау кезінде тері ша­мадан тыс салбырайтындықтан қаты­сушылар кейін пластикалық хирургияға жүгінуге мәжбүр. 
Медицина мамандары бұл жобаның салауатты өмір салтын насихаттауын және жоғары мотивациялық импульс беруін оң бағалайды. Дегенмен кейбір эн­докринологтар мен бариатрлар салмақты тым жылдам тастау өтке тас байлануына және метаболизмнің нашарлауына әкелуі мүмкін екенін, сондықтан медициналық бақылаудың анағұрлым қатаң болуы керек екенін ескертеді. Тұтастай алғанда, JanaMen сияқты бастамалар мемлекеттік медицинада ақсайтын психо-әлеуметтік оңалту мен қоғамдық қолдаудың бос ор­нын толтырады. Мұндай тиімді модельді емханалар жанынан «Семіздікті кешенді емдеу топтарын» немесе комьюнити-орта­лық­тар құру, сондай-ақ медиа-мотивация мен психологиялық қолдауды қосып, мем­лекеттік жүйеге енгізуге болады.
Айтым Жақыповтың JanaMen медиа-жо­басы мемлекеттік медициналық инф­рақұрылымнан тыс, қоғамдық мотивация мен оқшауланған орта құру арқылы халық арасында салауатты өмір салтын насихат­таудың альтернативті әлеуметтік-психо­логиялық моделін көрсетті.

Ұлт саулығын сақтаудың тиімді тетіктері

Қазақстанда «Дені сау ұлт» ұлттық жо­­басы мен Денсаулық сақтау министр­лігі­нің бастамалары аясында белгілі бір оң қадамдар жасалды. Соның ішінде бас­тауыш сынып оқушыларын тегін ыстық та­мақпен қамтамасыз ету бағдарламасы ен­гізіліп, салауатты өмір салтын наси­хат­тайтын ақпараттық кампаниялар жүр­гізі­ліп келеді. Дегенмен бұл іс-шаралар әлі де бөлшектелген сипатқа ие. Мектеп тамағы­ның сапасы мен рационы біркелкі стан­дарт­талмаған, ал фастфуд пен қантты су­­­сындардың қолжетімділігін шектейтін пәр­м­енді заңнамалық механизмдер толық қалыптасқан жоқ.
Жаһандық тәжірибеде тексерілген тиімді алдын алу саясаттары бар­­шылық. Мәселен, Мехико, Ұлыбри­та­ния және Чилиде енгізілген қантты сусын­дар­ға арнайы салық салу механизмі қант қо­сылған өнімдерге 10-20 пайыздық ак­циз немесе салық салу арқылы оларды тұ­тынуды 12-15 пайызға азайтты. Бұдан түс­кен қаражат бұқаралық спорт пен ме­дицинаны дамытуға бағытталды. Сондай-ақ Чили мен Еуроодақ елдерінде қолда­ны­латын Nutri-Score немесе Stop-sign сияқты азық-түлік таңбалау модельдері өнім қап­тамасының алдыңғы бетіне қанттың, ма­йдың немесе тұздың артық екенін ес­кертетін айқын белгілер қою арқылы тұ­ты­нушының сауатты таңдау жасауына жағдай жасады. Бұған қоса Сингапур мен Скандинавия елдерінде мектептерден 500 метр радиуста фастфуд пен газды сусындар сатуға заң аясында тыйым салатын «зиян­ды тамақсыз аймақтар» құрылса, Ұлыб­ри­тания мен Норвегияда теледидар мен цифр­лық медиада кешкі сағат 22:00-ге дейін калориясы жоғары өнімдердің жар­намасына толық тыйым салынған.
Қазақстан үшін ең нәтижелі саяси қа­дам­дар ретінде бірқатар жүйелі іс-шара­ларды енгізу қажет. Ең ал­дымен, қантты сусындарға арнайы са­лық немесе акциз енгізіп, жиналған қар­жыны мектептердегі тегін спорт сек­ция­ларын қар­жыландыруға бағыттауға бо­лады. Со­нымен бірге мектеп асхана­лары­ның стан­дартын қатаңдатып, рафи­над­тал­ған ұн, то­қаштар мен тәтті сусындарды мә­зірден алып тастап, олардың орнын кө­көністер, же­містер мен ақуызды өнім­дер­мен то­лық­тыру керек. Сондай-ақ тұты­ну­шыға өнімдегі қант пен трансмай дең­гейін бір қарағаннан түсінікті ететін мін­детті фронтальды таңбалауды ЕАЭО не­месе ұлттық регламент деңгейінде ен­гізу маңызды. 
Мамандар семіздік мінездің әлсіздігі немесе жігерсіздік емес, психикалық, ней­ро­химиялық және эндокриндік факторлар ас­тасқан созылмалы ауру деп түсіндіреді. Ерік-жігер тек қысқамерзімді бастамаларға жарайды, ал ұзақмерзімді жүйелі қағи­даны сақтау үшін әдеттерді саналы түрде қайта қарап, гормоналды-психологиялық ба­лансты қалпына келтіру қажет. Тамақ­тану тәуелділігін жеңуде когнитивті-мінез-құлықтық терапия мен психология­лық оңалту – диеталар мен физикалық жат­тығулардан кем түспейтін өмірлік маңызды құралдар. 

Тэгтер:

Артық салмақ семіздік