Белгілі жазушы Мәди Айымбетов сырт қарағанда томаға-тұйық жандай көрінеді. Әдеби ортадағы түрлі пікір алаңында өзін көрсетуден бойын аулақ салатыны байқалады. Ал әңгімелерін оқысаңыз, мамырдың кешкі шуағына шомылғандай бір тыныш та жылы күй көңіліңізді кеулейді. Орайы түсіп, қаламгермен аз-кем тілдесіп қайтқан едік.
– Мәди аға, жазушы белгілі бір шығарма үшін қажетті материалды, ойды қайдан алады? Алғашқы әңгімеңіз қалай туды, құрылымын қалай құрдыңыз?
– Болашақ туындының тақырыбына өзек болатын материал, дәлірек айтқанда, шындық өмірден ғана алынады. Бұл – бұлжымас ақиқат! Барлық қаламгер шығармашылығына арқау болатын, өмірлік мәселелерге қозғау салатын ой нысанасын (идеяны) тіршілік болмысының өзінен табады. Ал тіршілік дегеніміздің өзі адамның өмірдегі әрқилы әрекетінің, мінезінің, толғаныс, тебіренесінің тұтастай бір әлемі ғой. Сол әлемнің қат-қабатынан бөлектеп кейіптейтін образыңның сыр-сипаты оқырманды ойландыратындай шыншыл сөз өрнегін мейлінше дәл табуға ұмтыласың. Осы ұмтылыстың сәтті болуы жолындағы қаракеттен қанағат тапқаныңда шығармаға жан бітеді деп ойлаймын.
Жариялануға лайықты, көркем шығарма деуге тұрарлық алғашқы әңгімеге дейін өз басым еліктеу, солықтаушылық сарындағы нәрселерді шимайлағаным есімде, тіпті, солардың кейбірін газеттерге де жариялағанмын. Бәлкім, бұл ілкім әрекетім жазуға деген қабілетімді сынақтан өткізуім сияқты болған шығар...
Ұмытпасам, «Жұлдыз» журналының 1972 жылғы соңғы санында жарық көрген «Тәтті мұң» деген әңгімем өзімді прозашы ретінде сезіндірген алғашқы туындым болды. Әдебиеттегі жазушылық қызметімді осы мезеттен басталды деп есептеймін. Бұл – бүкпесіз шындығым.
Әңгіме жастай жесір қалған әйелдің қол жеткізбес, бірақ үміті үзілмеген мәңгілік махаббаты туралы. Оның жүрегінде ұялап қалған махаббат сезімін «тәтті мұңға» теңедім. Әйел жанын тербеген махаббатты басқаша айта алмас та едім, мұң тәттілігімен ғана махаббат! Кейіпкерім Батиханың өміріне демеу болған осы нәзік рухтың өшпейтініне өзім де сендім, оқырманымды да сендіргім келді.
Журнал редакторы Шерхан Мұртазының «Мына әңгімеде мистикалық сарын бар ма, қалай өзі?!» деп аз-кем күмән келтіргеніне қарамастан проза бөлімін басқаратын Оралханның жариялауға батыл ұсынғанын да кейін білдім. Алғашқы әңгіменің жазылып, жарық көру тарихы, міне, осындай...
– Шығармаларыңызда ауыл өмірі, дала табиғаты ерекше көрініспен бейнеленіп, қарапайым адамдардың мінезі, әрекетімен астасып жатады. Ауыл сіз үшін көркем кеңістік пе, әлде адам табиғатын танудың жолы ма?
– Ауыл өмірі, тіршілігі мен табиғаты, ондағы қарапайым адамдардың болмыс-бітімі шығармаларымның басты нысанасы, менің тынымсыз қаламгерлік ізденістерімнің стихиясы, өзің айтқандай, туындыларымның көркем кеңістігі. Әдебиеттің негізгі миссиясы адам табиғатын тану болса, оны өмір сүретін ортасынан бөліп ала алмайсың ғой. Олардың рухани кеңістігінен даланың тынысы, табиғаттың тылсымы шынайылығымен сезілуге тиіс. Кейіпкер әлемінің ішкі гармониясы да осыған саяды, өзін қоршаған жаратылыспен үндестігінен келіп туындайды. Образ жасаудың айнымас кредосы осы дер едім. Ал мен үшін мұның қаншалықты сәтті де үйлесімді орындалғаны, әрине, құрметті оқырманымның көңіл таразысында болар деген ойдамын...
– Кейіпкер демекші, жазу процесі әр шығармада әртүрлі болады ғой. Әр шығарманың өз тағдыры болады деп те жатамыз. Сұрайын дегенім, кейіпкерлеріңіздің шығарманың өн-бойына кірігуін, әрекет етуін әу бастағы жоспарыңызға сай басқарып, барлап отырасыз ба, әлде жазу барысында қалам еркіне бағынбай, әу бастағы ойға алғаныңыздан ауытқып, өзінше әрекет ету стихиясымен кететін сәттері ұшыраса ма?
– Бұл сұрағың адамды ойлантатындай-ақ екен, бауырым!.
Кейіпкерлердің шығармада өмір сүруі әрқилы болуы заңдылық. Бұл сөзсіз автордың қалауымен жүзеге асады. Олардың шығармада атқаратын рөлінің белгілі бір шеңбері болады, сол арқылы оқиға өрбиді, әртүрлі ситуациядағы тартыс, шиеленіс өз қисынымен сабақтасып ауысып жатады. Осының бәрі шығармаға қойылатын көркемдік талабы екені бесенеден белгілі. Шынтуайтында, оқырман бұған басын ауыртпайды, ол шығарма әлеміне еніп, кейіпкерлермен бірге солардың бастан кешіріп жатқан кезеңінде өмір сүріп ойланауға, толғануға, қуануға, қиналауға, мұңаюға тиіс. Мен үлкенді-кішілі жазылған заманауи да, тарихи да туындыларымда осы ұстанымды сақтауға тырыстым. Кейіпкердің өзінің табиғатына тән болатын стихиясының аясынан тыс әрекет етуі, яғни, өзің айтқандай, «қалам еркіне бағынбай кетуі» шығарманың көркемдік деңгейін арттырмаса, кемітпейтіні анық. Менде бұл жайт, әсіресе, әңгімелерімде көп ұшырасты. Прозаның ең қиын да күрделі жанры үшін бұл әжептәуір жетістік дер едім...
– Әлем әдебиетінде сізге әсер еткен, шығармашылығыңызға тікелей немесе жанама ықпал жасаған жазушылар болды ма? Жас кезіңізде кімдерді көбірек оқыдыңыз?
– Әлем әдебиеті тұлғаларының біршама шығармаларын оқыдым ғой. Ең дендеп оқуды қолға алған кезім университет қабырғасынан басталды. Ренес-санстық дәуірдегі, орта ғасырлық Еуропаның, орыстың классикасы, одан сәл бергі кезеңдегі жапон, Латын Америкасы әдебиетінің корифейлерінің туындыларынан бастап, ХХ-ХХІ ғасырдағы мықтылардың шығар-маларын шамам жеткенше назардан тыс қалдырмадым-ау. Сүйіп оқыған, тіпті, кейбір шығармаларын қайталап оқыған Сервантес, Флобер, Гюго, Бальзак, Ги де Мопассан, Чехов, Толстой, Бунин, Горький, Кобо Абэ, Маркес сияқты жазушылардың шығармашылығыма тікелей де, жанама да ықпал етті дей алмаймын. Әйтсе де, олардың жасаған дүниелері бір ақиқатты, нағыз өміршең адамзаттық әдебиеттің қандай болатынын санаға әбден сіңірді. Бұлардың бәрі де менің әдеби танымымның кемелденуіне әсер еткені сөзсіз.
Ал жасөспірім кезімнен ауыл кітапханасының есігін тоздырып, қолға түскен кітаптардың жұлма-жұлмасын шығарып оқыған оқырманның бірі болдым. Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтің шығармаларын көп оқыдым, «Абай жолы» романының төрт кітабын ең алғаш жетінші сыныпта оқығаным есімде. Одан соң Айтматовтың алғашқы шығармаларын оқи бастадық. Ара-арасында шетелдік жазушылардан Даниэль Дефо, Жюль Верн, Марк Твен кітаптарының қазақшасынан бас алмайтын болдық. Қазір ойлап отырсам, нағыз кітап оқитын ұлттың ұрпақтары, өткен жүзжылдықтың ортасында балалық дәуренді бастан кешірген біздер екенбіз ғой. Кітаптан рухани тәлім алудың бағасы зор болатынын сезіне білу өте маңызды. Осы орайда таяуда ғана қолымызға тиген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабындағы «Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады» деген сөзі ойға оралады. Президент зиялы ұлттың бет-бейне, болмысына тән болар ақиқатты осылайша нақтылау арқылы кітап оқу мәселесінің еш уақытта өзінің өзектілігін жоймайтынын айқындап отыр.
– Әлемде «экология әдебиеті» деген ұғым бар. Сіздің «Құлан-елес», «Сырлы зерең», «Отүйрек-баққұсы» сияқты шығармаларыңызда адам мен табиғаттың үндесуі, жалғыздық, ішкі психологизм, тылсым сезімдер қатар өріледі. Адам мен табиғат арасындағы процестерді жазуға қалай келдіңіз, осы шығармаларды жазуға не түрткі болды?
– Әуелі адам өмір сүретін ортаға, табиғат тіршілігіне қатысты қолданылатын экология ұғымы өте кең әрі терең мағынаға ие. Мен орыс әдебиетінде өз заманында шығармашылығының біразында бірыңғай табиғат тақырыбын қозғаған Константин Паустовский, Михаил Пришвинді білемін, содан соң алматылық зоолог-жазушы Максим Зверевтің этюдтерін оқығаным бар. Приш-винді Паустовский: «Орыс табиғатының жыршысы» («Певец русской природы») деп бағалаған. Ал табиғат әлемінің әрқилы құбылысын зерделеп, суреттеумен ғана жазылған осындай «экология әдебиетіне» тән шығарма қазақ әдебиетінде болды ма, болмады ма, өз басым білмейді екенмін?! Дала, орман, тау, өзен, көлдердің пейзаждық құбылыс тіршілігін кейіпкер өмірінің ситуациясымен астарластырып жазбайтын қазақ қаламгерлері кемде-кем екені белгілі. Менің «жоғарыдағы туындыларым, өзің байқағандай, адам мен табиғаттың үндесуі, кейіпкерлердің тіршіліктеріндегі жалғыздық құрсауы, ішкі психологизмі, тылсым сезімдері табиғат әлемінің құбылыстарымен қатар өрілетіні рас. Кейіпкер образын айшықтауға табиғат әлемінің қаншалықты қызмет жасайтынын аңғару қиын емес. Айталық, елсіз аралдағы жалғыз кәрі құлан мен Диярбектің («Құлан-елес») немесе суретші Мүрсәлім мен оның үлкен қаланың бір қалтарысында бұйыққан үйінің ауласына ойда жоқта келіп қонып, сонда мекендеген жабайы отүйрек-қаздың («Отүйрек-баққұсы»), стансалық шағын ауылдағы Дүрия кемпір мен тапа-тал түсте аяқ астынан үйірілген құйыннан құтырынған қызыл баспақтың («Сырлы зерең») әрекет-тіршіліктерімен байланысқан штрих-бейнелеулер осыған мысал бола алады. Бұл әңгімелерге арқау болған жағдайлар кәдуілгі күнделікті тіршілік ауанынан туындаса да, адам өмірінің мән-мағынасына, адами қадір-қасиет ұстанымының кейбір мезеттеріне ден қоя отырып, өмір шындығының қалтарыстарын ашуға ұмтылғанымды айтқым келді. Бір сөзбен айтқанда, шығармаға түрткі болар ойды адамның тіршілік болмысынан іздеймін, көркем шындықтың кілті де осында.
– «Дүние-керуен» мен «Бопай ханым» сияқты романдарыңыздың табиғаты екі бөлек: бірі тарихи кезеңнің, ауыл өмірінің шындығына үңілсе, екіншісі тарихи тұлғаны көркем тұрғыда пайымдауға құрылған. Тарихи тақырыпқа келгенде жазушының көркем қиялы мен тарихи деректің арақатынасын қалай сақтайсыз?
– Бас кейіпкер өмір сүрген ХVIII ғасырдың 70-80-жылдар кезеңін қамтыған «Бопай ханым» тарихи роман, яғни бұл шығарманың табиғатын жанры айқындап тұр. Осы кезеңнің бастапқы қырық жылдай уақытында Қазақ ордасының бас ханы болған Әбілқайыр мен оның бәйбішесі Бопай ханымға қатысты сан қилы деректерді жеті жылдай жинап, зерделеудің нәтижесінде жазылған бұл туынды – тарихи көркем роман, тарихи деректі роман емес. Қазақ хандығы туралы орыс тілінде жазылған историкографикалық деректердің (Левшин, Ерофеева, т.б.) бұрмалаушылық элементтері аз кездеспейді, өйткені түркі-шағатайша таңбаланып жазылған хан, сұлтандардың дерек, мәліметтерінің дені орысша еркін аударма негізінде берілгені даусыз. Бір мысал, Әбілқайыр өзі басқарып отырған хан ордасын орыс империясын бодандығына алуды сұрап жазған хатының (грамотасының) мәтінінде оның мұндай мәселе қоймағанын көне жазулар мәтінін оқи алатын тарихшы, Семей университетінің профессоры Амантай Мусиннің анықтағаны жөнінде Abai kz сайтында өте құнды материал жарияланды. Орыс дипломатиясының өкілі Тевкелев (орыс азаматтығын қабылдаған башқұрт Тәуекел) хат мәтінінің орысша аудармасына «бодан ел болуға қарсылығымыз жоқ» деген сыңайда сөз қосып жіберген. Ал шын мәнінде хатта «сіздің бодандығыңыздағы башқұрт елімен ынтымақтас болуға пейілміз» делінген. Осы факті романның жазылуына тікелей себеп болды. Өкінішке орай, тарихшыларымыздың ғылыми тұжырымдары мен айтулы жазушыларымыздың шығармаларында Әбілқайырды қазаққа бодандық қамытын кигізген деген шындыққа жуыспайтын дерек орын алды. Жоңғарлармен соғыстан титықтаған қазақты теріскей батыстан төнген дұшпанның құрсауына бермеу үшін өзара соғысуға ұрынбай, оларға мәмілегерлік жасайық деген сипатта жазылған хаттың бұрмаланып орысшалануы жер мен елді сақтау жолында күрескен ханның өмірнамасына шын мәнінде қиянат еді. Мен бұл романды Әбілқайырдың шынайы образын Бопай ханым арқылы жасау мақсатын алға қойып жаздым. Өйткені оның ақылман, дана серігі болған Бопай маған Әбілқайыр бейнесін ширатуға мүмкіндік берді. Сансыз құрғақ деректен гөрі тарихи қисынға құрылған дүниеге мейлінше көркемдік сипат дарыта отырып, қаламгерлік ұстанымнан айнымадым. Жазушының көркем қиялы (вымысел) мен деректің арақатынасы қандай дегеніңе айтар уәжім, міне, осындай. Көркемдік қиялынсыз тарихи кезеңмен етене қабысатын, оқырманды иландыратын образ шығару әсте мүмкін емес, таза деректемелік нұсқаның шырмауында қалу шығарманың әдеби шырайын шығармайтыны анық. Қияндағы бір ауданның өткен ғасырдың сонау қырқыншы-алпысыншы жылдардың аралығындағы нақтылы өмірін қамтыған «Дүние-керуеннің» Бопай мен Әбілқайыр жөніндегі романнан бөлекше сипаты да осыған саяды.
– Шығармаларыңызда ирония мен сарказм айқын байқалатын тұстар да жетерлік. Мәселен, «Оппозиционер Пайзырахман», «Арнасаздың көпірі» атты әңгімелеріңіз бен «Алабай-дода» секілді хикаятыңыз арқылы жасанды белсенділік, дауырықпалық, билікқұмарлық тәрізді келеңсіздіктерді сынайсыз. Осы орайда жазушының қоғам алдындағы жауапкершілігі қандай деген сауал тіл ұшына оралады. Әдебиет саясатқа, әлеуметтік, қоғамдық мәселелерге араласуға тиіс деп ойлайсыз ба?
– Аталған шығармаларымда ирония мен сарказмның уытынан гөрі, юморға көбірек басымдық бар дер едім. Кейіпкерлердің бейнесін ашуда зілсіз қазақы әжуаның, әзілдің орнын айрықша санаймын. Астарына адам мінезінің, қылығының езу тартқызар сипатымен бірге оның даралығын да танытатын бұл тәсілді метафорлық деңгейге жеткізуді ұнатамын. Пайзырахманнан басқа «Арнасаздың көпіріндегі» тракторшы Бейілжанның, езуі насыбайдан құрғамайтын Кесікбай әпенденің образдарын осындай өзгешелігімен дараландырғанмын. Мақтангөй дарақылықтың, билікқұмарлықтың көріністері өзегіне өрілген ситуациялар «Алабай-дода» хикаятындағы әрқайсы өзінше мықты кейіпкерлердің бүгінгі прообраздарын оқырман мүлтіксіз табуға тиіс деген ойдамын. Осы реттен келгенде жазушының қоғам алдындағы күрделі де зор жауапкершілігін саясаттан, әлеуметтік, қоғамдық мәселелерден бөліп тастай алмайсыз, әдебиеттің өміршең миссиясы да осыған саяды.
– Жас жазушылардың шығармаларында сізді қуантатын қандай үрдістер бар? Жастар ізденіс кезінде неге көбірек көңіл аударғаны дұрыс деп есептейсіз?
– Бұған толымды жауап бере алмас едім, себебі мемлекеттік тапсырыстың деңгейінде шағын таралыммен шығып жатқан кітаптар қолға түсе бермейтіні кім-кімге де аян. Кітапхана сөресіне ғана анық жететін кітаптарды үзбей оқуға мүмкіндік аз. Қолымызға тиген бірер кітаптың төңірегінде, айталық, жасы қырықтың бел ортасына келген Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» хикаяты мен «Дардай» романымен ғана шектеліп, жас қаламгерлердің әдебиетке қандай жаңа үрдістер әкелгенін қалай айта аламын? Жас әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін толық зерделеп жүргем жоқ. Сондықтан, айыпқа бұйырмассың.
Ал жас қаламгер өмірлік ақиқатты саралай білуі және тілді жасандылықсыз, шебер қолдана білуі қажет. Ізденістің сан тарау жолы бар. Бірақ ұлт сөзін еркін меңгермесе, жөнді шығарма тууы қиын.
– Әдебиетшілер дәл қазіргі уақыт тынысын бейнелей ала ма? Қандай тақырыпты тереңірек қаузағанды жөн санайсыз?
– Өз заманын, дәл қазіргі уақыт тынысын қалт жібермей жазу – журналистиканың міндеті. Әдебиетке бұл ұстаным сай келмейді. Көңілге түйген өміршең тақырыптың қай-қайсысын терең де толымды, қаузап жазу, оқырманға көркемдеп жеткізу жазушыдан жан-жақты ізденістер мен әдеби зерделеп алу үдерісін талап етері сөзсіз. Қоғам өмірінде туындап жатқан жаңа бетбұрыстардың толассыз легінің бел ортасында жүрген кейіпкерге жан бітіру үшін қаламгер суреткерге уақытпен тағдырлас болу кезеңі жүктеледі, уақыт тынысы оның шығармашылығында сонда ғана аңғарылса керек-ті. Әйтсе де, әдебиеттің ізгілікті мұратын өткеннен бүгінге, бүгінен келешекке қарай тақырыптық та көркемдік деңгейде жүйелеп бағыттау мәселелері біздің шығармашылық одақтың күн тәртібіне қазіргі күндері жиі қойылып келе жатқанын айтуға тиіспін!..
– Қазір қай тақырыпта қандай шығарма жазып жүрсіз?
– Сұхбаттың дәстүрлі сұрағы ғой. Өткен жылдар мен бүгінді саралап, шығармашылық өмірімнің кейбір мезеттерін қағаз бетіне түсірсем деген ойлардың жетегінде жүрмін. Жаңа шығарма жазуға әдетте ойлар жетелейді ғой...
– Жанры қандай болады?
– Әлі алғашқы сөйлемі де жазылмаған, күш-қуат жетсе жазылуға тиіс дүниенің жанрын алдын-ала нақтылау қиын...
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Т. ТАҢЖАРЫҚ