Қазақтың жеті қазынасының бірі саналатын тазы – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, аңшылық дәстүрімен және дала мәдениетімен біте қайнасқан ерекше ит тұқымы. Ол ғасырлар бойы қазақ аңшысының сенімді серігі болып, жүйріктігімен, төзімділігімен және аңшылық қабілетімен танылған. Бүгінде тазының ұлттық мұра ретіндегі маңызы артып, оның тұқымын сақтау мен халықаралық деңгейде танытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын арнайы тізімге қосты. Тазының жеті ерекше қасиетін санамалап көрейік.
1. Жүйріктігі
Тазының ең танымал қасиеті – оның жүйріктігі. Сымбатты денесі, ұзын аяқтары, жеңіл қимылы оған жоғары жылдамдықпен жүгіруге мүмкіндік береді. Тазы аңды алыстан байқап, қуған кезде ұшқырлығы анық аңдалады.
Қазақ даласында тазының жүйріктігі, әсіресе, қоян, түлкі секілді аңдарды қағуда сыналған. Аңшылықта иттің жылдамдығы ғана емес, қозғалысты дәл есептей білуі де маңызды. Тазы өте жүйрік, қашқан аңның адымын аштырмайды.
2. Төзімділігі
Тазы сырт көзге шағын көрінгенімен, ол өте төзімді. Ұзақ қашықтыққа жүгіруге, далада аңды бірнеше сағат қууға бейім.
Қазақтың кең даласында аңшылықтың жағдайы бүгінгідей қолайлы болған жоқ. Қарлы боран, аптап ыстық, ұзақ жол – аңшы мен оның серігі үшін қалыпты жағдай еді. Осындай ортада ол төзімділігімен ерекшеленді.
3. Аңшылық сезгірлігі
Тазының бойындағы аңшылық қасиет – оның басты ерекшеліктерінің бірі. Ол аңды алыстан байқап, қозғалысын бағдарлап, қуғын кезінде өз бетінше әрекет ете алады.
Қазақ аңшылары тазыны қоян мен түлкіге ғана емес, басқа да аңдарға пайдаланған. Кей жағдайда тазы жалғыз аң ауласа, кейде бірнеше ит бірігіп әрекет етеді. Саятшылық дәстүрінде тазының бүркіт, сұңқар секілді құстармен қатар қолданылғаны да белгілі. Бұл оның қазақтың дәстүрлі аңшылық мәдениетіндегі орнын айқын көрсетеді.
4. Зеректігі
Тазы – өте зерек жануар. Аңшылық кезінде ол жағдайға қарай әрекет етіп, аңның бағытын болжай алады.
Аң иттерін тәрбиелеуде иесінің талабын түсінуі маңызды. Тазы өз иесіне тез бейімделіп, оның даусын, қимылын, аңшылық әрекетін жылдам үйренеді. Сондықтан тазыны қазақ халқы жай ғана аңға қосатын ит емес, аңшының серігі ретінде бағалаған.
5. Иесіне адалдығы
Тазының тағы бір ерекшелігі – иесіне адалдығы. Ол адамға үйір. Иесінің жанында өзін сабырлы ұстап, аңшылық кезінде тапсырманы мүлтіксіз орындауға бейім.
Қазақ ұғымында иттің қадірі оның пайдасымен ғана өлшенбеген. Иесіне адалдық, серіктестік, адамға жақындық та маңызды қасиет саналған. Сондықтан тазының жеті қазынаның бірі ретінде аталуы оның аңшылық қабілетімен қатар, иесіне адалдығымен де байланысты.
6. Сымбаты
Тазының сыртқы келбеті де оның табиғи ерекшеліктерін аңғартады. Тұрқының ықшамдығы, бұлшық етінің жақсы жетілуі, ұзын сирағы, жеңіл әрі үйлесімді қозғалысы – аңшылық әбжілдігін арттыра түседі.
Тазының сымбаты қазақтың дәстүрлі түсінігіндегі әсемдікпен де үндеседі.
7. Далаға бейімділігі
Тазының ең маңызды қасиеттерінің бірі – қазақ даласының табиғатына бейімділігі. Ол кең далада еркін қозғалып, әртүрлі табиғи жағдайға төтеп бере алады. Оның тарихы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты.
Тазы қазақ үшін көшпелі мәдениеттің бір бөлшегі саналған. Халықтың ауыз әдебиетінде, мақал-мәтелдерінде, аңыз-әңгімелерінде тазы туралы талай дерек сақталған. «Жеті қазына» ұғымының құрамына енуі де соның айғағы.
Тазы – қазақ халқының тарихи жадын, дәстүрлі өмір салтын және табиғатпен байланысын танытатын жеті қазынасының бірі.
Халықаралық деңгейде қазақ тазысын мойында-
ту – осы мұраны сақтаудың маңызды қадамы. FCI стандарты бойынша тазы Орталық Азияда ежелден қалыптасқан аңшылық ит тұқымы ретінде сипатталған. Оның тарихы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен тығыз сабақтасып жатыр.