Домбыра үйрену үшін мұхит асып, Қазақстанға арнайы келген америкалық музыкант, Нью-Йоркте ашылған қазақ этномузейі, Бруклиндегі домбыра студиясы, ұлттық мәдениет төңірегіне топтасқан жастар... Мұның бәрі – қазақ мәдениетін Америка төрінде танытып жүрген қауымның кейінгі жылдары қолға алған бастамалары. Осындай жұмыстардың жалғасы ретінде Нью-Йоркте Тұран саммиті өтіп, мәдени жобалар аясында қалыптасқан байланыстар жаңа деңгейге көтерілді.
Түркі халықтарының өкілдерін бір алаңға тоғыстырған басқосуда Қазақстан мен АҚШ арасындағы гуманитарлық байланыстар, диаспоралардың өзара ықпалдастығы, ұлттық өнерді насихаттау, мәдени және іскерлік әріптестіктің келешегі сөз болды. Саммитке дипломатиялық өкілдер, Нью-Йорк қаласы мен штаты әкімшілігінің, халықаралық ұйымдардың, мәдениет пен бизнес саласының өкілдері, сондай-ақ АҚШ-тағы қазақ және түркі диаспоралары қатысты.
Іс-шараны АҚШ-та федералдық деңгейде тіркелген Qazaq American Qaganat (QAQ) және Turan American Qaganat (TAQ) ұйымдары ұйымдастырды. Басқосудың ерекшелігі – мәдени іс-шарамен ғана шектелмей, дипломатиялық өкілдіктерді, диаспоралық ұйымдар мен бизнес қауымдастығын бір ортаға жинауында.
Жиында Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан және Венгрияның АҚШ-тағы дипломатиялық өкілдіктері мен Нью-Йорктегі консулдықтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланысты кеңейтуге бағытталған меморандумға қол қойылды. Құжатта мәдени фестивальдер, көрмелер, конференциялар, білім беру жобаларын бірлесіп өткізу және іскерлік байланыстарды дамыту көзделген. Мұндай қадамдар диаспоралық бастамаларды тұрақты институционалдық байланысқа ұластыруға мүмкіндік береді.
Саммит аясында Altyn Dombyra USA – 2026 Challenge халықаралық челленджінің лауреаттары марапатталып, Qaganat Ethno Village халықаралық жобасы мен Qaganat Card мүшелік картасы таныстырылды.
АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығы мен Қазақстандағы Ұлттық домбыра күніне арналған челленджге әлемнің әр түпкірінен 1 465 бейнеөтінім түсті. Қатысушылар арасында балалар мен жастар, кәсіби музы-канттар, өнер ұжымдары және домбыраны алғаш рет қолына алған әуесқойлар да болды. Қазақтың қара домбырасын өзге ұлт өкілдерінің де қолына алып, күй орындауы жобаның басты ерекшелігіне айналды. Осы арқылы домбыра ұлттық мұра ғана емес, түрлі халықты жақындастыратын мәдени құндылық ретінде де көрінді.
Соның жарқын мысалы – «Жеке орындау» аталымының жеңімпазы, америкалық музыкант Джефф Герш. Нью-Йоркте тұратын ол домбыраны әуелі интернеттегі бейнесабақтардан, кейін Zoom арқылы үйренген. Ары қарай шеберлігін жетілдіру үшін Қазақстанға арнайы келіп, Астанада Домбыра академиясының ұстазы Айгерім Мырзахметтен сабақ алған. Бүгінде оның репертуарында көптеген қазақ күйі бар. Қазақ күйіне деген қызығушылығы оны АҚШ-тағы мәдени іс-шараларға да жиі алып шығып жүр.
«Дуэтпен орындау» аталымында Әмірхан Қабдығалиев пен Гүлзира Шаяхметова жүлделі болды. «Мәдени контент жасаушы» аталымында Қазақстанның тарихы мен мәдениетін шетелдік аудиторияға таныстырып жүрген Иван Червинский үздік шықты. Оның Қазақстанға қызығушылығы 2017 жылы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен танысқаннан кейін басталған. Кейін ол «Алға, Қазақстан!» медиажобасын қолға алып, шетелде жетістікке жеткен қазақстандықтар туралы контент ұсына бастады. 2023 жылы ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған Иван Червинский 2026 жылы Қазақстан азаматтығын алды.
Ал «Шығармашылық шеберлік» аталымының жүлдесі Ақнұр Тілеубекке, Cheerleader аталымындағы марапат Ислана Фазуловаға табысталды. Ақнұр АҚШ сапары кезінде өзі салған Димаш Құдайбергеннің портретін Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулы Рауан Тілеулинге сыйлап, өз қолымен жасаған бұйымдарын қазақ этномузейінің қорына тарту етті. Ақнұр мен Ислана осы сапарда QAQ және TAQ ұйымдарының еріктілер қатарына да қосылды.
Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Мағжан Ілиясов Нью-Йорктегі Бас консулдықта челлендж лауреаттары мен жоба авторы Әлия Әзбергеновамен кездесіп, ұлттық өнерді насихаттауға үлес қосқан өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Қанат пен Светлана Айтбаевтар да лауреаттарға сыйлықтарын жолдап, бастамаға қолдау көрсетті.
QAQ пен TAQ ұйымдары ұлттық мұраны тұрақты мәдени орта қалыптастыру арқылы танытуға ұмтылып келеді. Соның бірі – Нью-Йоркте ашылған қазақ этномузейі. Мұнда қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары таныстырылады. Ал Бруклиндегі «Алтын домбыра» студиясы жас ұрпаққа ұлттық музыкалық мұраны үйрететін шығармашылық алаңға айналған.
Жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру мақсатында Jurekten Jurekke мәдени-әлеуметтік клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар Наурыз мейрамы, мәдени фестивальдер, жастар форумдары мен ұлттық өнерді дәріптеуге арналған жобалар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар шетелдегі қазақ мәдениетін танытумен қатар, кейінгі буынның ұлттық ортадан ажырап қалмауына да ықпал етеді.
Ұйым өкілдері American Central Asian Association өткізетін Орталық Азия мәдениеті фестиваліне қатысып, қазақ өнерін халықаралық аудиторияға таныстырып жүр. QAQ пен TAQ Чикагода өтетін Central Asian Business Expo халықаралық іскерлік іс-шарасына да қолдау көрсетіп келеді.
Алдағы жоспарлардың қатарында 2027 жылы АҚШ-та Америка қазақтарының алғашқы Құрылтайын өткізу, этномәдени жобаларды кеңейту, жастарға арналған шығармашылық және білім беру бағдарламаларын дамыту бар. Сондай-ақ America's Beauty of the Turkic World халықаралық байқауын ұйымдастыру көзделген. Бұл жобалар түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын кең аудиторияға танытуға бағытталмақ.
Ауқымды бастамалардың бірі – Qaganat Ethno Village. Мұнда көшпелілер өркениетінің мәдениетін таныстырып, Turan Games халықаралық этноспорт фестивалін өткізу жоспарланған. Ұлттық спорт, көшпелілер ойындары, қолөнер, этнография мен ұлттық тағам мәдениеті бір кеңістікте тоғыспақ. Сонымен бірге этноауыл аясында Қазақстаннан және өзге елдерден келетін қазақ балаларына арналған мәдени-сауықтыру лагерін ашу көзделген. Бұл бастама шетелде өсіп келе жатқан балалардың тарихи тамырымен байланысын нығайтуға бағытталған.
Нью-Йоркте өткен Тұран саммитінің мәні де осында. Бұған дейін этномузей, домбыра студиясы, жастар клубтары мен халықаралық челлендждер арқылы қалыптасқан мәдени байланыстар енді дипломатиялық және қоғамдық ынтымақтастықпен сабақтасты. Шетелде ұлттық мәдениетті сақтау – оны тек дәріптеу емес, жаңа буынға жеткізу. Америкадағы қазақ қауымының бастамалары осы бағыттағы ізденістің бір көрінісі.
Назар-Али БИМЕНОВ,
Qazaq American Qaganat
АҚШ-тағы қазақ диаспорасының президенті