Ғасырдан астам тарихы бар Жем вокзалы жаңарды

Бүгін, 14:45 / Ербұлан Қайрат

Ембі қаласындағы Жем теміржол вокзалы жаңа кейіпке енді. 1905 жылы салынған тарихи ғимарат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жаңғыртылып, жолаушыларға қайта есік ашты.

Бір ғасырдан астам уақыт бойы та­лай сапардың куәсі болған вокзал Ембі тұрғындары үшін жай ғана те­міржол нысаны емес. Бұл – жолға шық­қан адамның үміті мен сағы­ны­шы тоғысатын, біреу қоштасып, енді бірі қауышатын орын.
Жаңғырту барысында вокзал ғи­ма­раты толық жаңартылды. Оның жал­пы ауданы 387,5 шаршы метрден 421,2 шаршы метрге дейін ұлғайды. Ша­тыр мен қасбеті жаңартылып, бөл­мелері толық жөнделді. Кәріз, су, жылу және электр жүйелері қайта жаң­­ғыртылды. Перрон жөнделіп, вок­­зал маңы абаттандырылды. Жо­лау­­шыларға жайлы болсын деген ниет­пен жаңа жиһаз, қажетті жаб­дық­тар сатып алынған.
Ембінің көне тарихын  шаң бас­қан архивтерден бөлек, осы кезге дейін сақталған қаладағы ескі ғи­ма­рат­тардан да аңғаруға болады. Қала тұр­ғыны Райымбек Мұсағалиев 2000 жылдардың соңында вокзалға жақын ор­наласқан №4 мектепті басқарған. Оның айтуынша, мектеп ғимараты да Жем вокзалы сияқты патша өкі­ме­ті тұсында салынған көне нысанның бірі.
– Мектеп шатырын жөндеу кезін­де төбедегі қаңылтырдан 1902 жылғы пат­ша өкіметінің клеймосын көрдім. Сол сәтте ғимараттың қаншама та­рих­­ты бастан өткергенін сезіндім, – дей­ді ол.
Ембінің теміржол шежіресінде ло­комотив депосының да орны ерек­ше. ХХ ғасырдың алғашқы жыл­дары­нан бастау алатын депо кейін темір­жол­дағы талай техникалық жаңару­дың куәсі болды. Соғыстан кейінгі ке­зеңде мұнда паровоздан тепловозға кө­шу дәуірі басталды.
Бүгінде сол тарихи теміржол кеңіс­тігінің тағы бір нысаны заман талабына сай жаңарып отыр.
Жем стансасы арқылы тәулігіне  орта есеппен кемінде 350-400 жолау­шы өтеді. Бұл стансаға жолаушы та­си­тын 24 пойыз қатынайды. Сондық­тан вокзалдың жаңаруы – тарихи ғи­маратты сақтаумен қатар, тұрғын­дар мен жолаушылардың күнделікті жай­лылығын арттыратын маңызды қадам.
Вокзал ғимаратының қайта ашы­лу салтанатында облыс әкімінің орын­­­­басары Асылбек Есенбаев жаң­ғыр­тудың басты мақсаты жолаушы­лар­ға заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағ­дай жасау екенін атап өтті.
Ал жергілікті тұрғын Нағашыбай Але­нов жаңарған вокзал – жергілікті жұрт­тың көңілін серпілткенін айта­ды.
– Вокзалымыз күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған келбетте қайта ашы­лып отыр. Бұл – ең алдымен халыққа қолайлы болуы үшін жасалып отыр­ған игі іс, – дейді ол.
Бір ғасырдан астам тарихы бар Жем вокзалы енді жаңа дәуірге қадам бас­ты. Ғимараттың келбеті жаңар­ға­ны­мен, оның басты миссиясы өзгер­ген жоқ: жолаушыны қарсы алу, ақ жол­ға шығарып салу, Ембіні елдің өзге өңірлерімен байланыстыру.
Тарихы сақталған вокзал енді сол тарихтың келесі бетіне куә болмақ.

Жанна КӨПЖАНОВА