Қызылордада ірі инвестициялық жоба басталды

Бүгін, 14:00 / Túrkіstan IPW

Сыр еліндегі әйгілі Шалқия кентінде Liaoning Hongda Group компаниясы «Бурабай-Жалғызағаш» тау-кен байыту комбинатының құрылысын ресми түрде бастады. Бұл, шын мәнінде, облыс үшін айтулы оқиға. Өңірдің индустриялық дамуына тың серпін әкеліп, экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жоба үлкен әлеуетке ие. 
Комбинат құрылысының басталу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Ергеш­баев осындай ауқымды әрі заманауи жобаны аймақта жүзеге асыруға ықы­лас білдірген Liaoning Hongda Group компаниясына зор ризашылығын білдірді. 
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізді жаңа ин­вес­тициялық циклге көшіру, заманауи өндірістерді іске қосу және өңірлердің эко­номикалық әлеуетін тиімді пайда­лануды тапсырған болатын.
Бүгінгі тау-кен байыту комбинаты – осы ауқымды жұмыстардың аса маңыз­ды бөлігі. Құрылысына 138 млрд теңге қаралған жоба толық іске қосылғанда жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізатын және 20 тонна күміс өндіреді. Ең бастысы, 550-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Бүгін басталып жатқан құрылыс сәтті аяқталып, мерзімінде іске қосы­ла­ды деп сенемін, – деді Мұрат Нәл­қожа­ұлы.
Тау-кен байыту комбинатын ал­дағы екі жыл ішінде салып, толық аяқтау жоспарланған.
Қазір кен орнының ми­нералдық-шикізат базасын кеңейту мақ­сатында бұрғылау жұмыстары жүр­­­­гізілуде. Сондай-ақ өндірістік жол­дар салу  қолға алынып, құрылыс алаң­­дары анықталған. Нысанды электр қуатымен қамтамасыз ету қаре­­кеті де жүріп жатыр. 
Кейінгі жылдары Сыр өңірінде жаңа өндіріс орындарының негізі қа­ла­нып, ірі жобалар жүзеге асуда. Айта­лық, Жаңақорған ауданының өзінде үш жылда 6,7 млрд теңгеден астам қаржыға 9 инвестициялық жоба іске қо­сылды. Биыл 3 жоба көзделсе, оның екеуі ел игілігіне айналды. Алдағы үш жыл­да об­лыстың өнеркәсіп саласында 1,9 триллион теңгеге 48 инвес­ти­ция­лық жо­баны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мұның нәтижесінде 10 мыңнан ас­там жаңа жұмыс орны құрылады.

Қуат ӘБІШ
 

Тэгтер:

Қызылорда Жоба инвестиция