Шахтинск қаласының 33 жастағы тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 16 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 2 қыркүйекте болған. Полицияға К.Маркс көшесіндегі үйлердің біріндегі пәтерде тыныштықтың бұзылғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері мән-жайды анықтауға кірісті. Әңгімелесу барысында пәтерде болған 33 жастағы ер адам газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытқан.
Сот отырысында ер адам алкогольдік ішімдік ішкенін айтып, полиция қызметкерлеріне айтқан қорқыту сөздерін “әзіл” ретінде түсіндірген.
Алайда мұндай сөздерді әзіл деп қабылдауға болмайды. Адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттер заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.