Павлодар облысында заң бұзған 5 шетел азаматы ұсталды

Бүгін, 09:57 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Павлодар облысында көші-қон заңнамасының талаптарын бұзу фактісі анықталды. Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тарту дерегінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, Ақсу қаласындағы нысандардың бірінде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде шетелдің бес азаматы заңнамада белгіленген талаптарды бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асырған. Аталған факті бойынша шетелдік азаматтарға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 15-тен 25 АЕК-ке дейін айыппұл салынды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын бұза отырып шетелдік жұмыс күшін тартқан жұмыс берушіге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

– Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтарға жол берген 104 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Александр Кузьменко.

Полиция шетел азаматтарын жұмысқа тартатын жұмыс берушілерді көші-қон және еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Заңда белгіленген тәртіпті бұзу жұмыс берушілер үшін де, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік азаматтар үшін де жауапкершілікке әкеп соғады.