«KazSat-3» жер серігіне үш жыл болды

«KazSat-3» жер серігіне үш жыл болды

«KazSat-3» жер серігіне үш жыл болды
ашық дереккөзі
2014 жылғы 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «KazSat-3» ұлттық байланыс және хабар тарату спутнигі ұшырылған болатын. Аталған Жер серігін пайдалануға беру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды сәт болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі. Өзіміздің ұлттық байланыс және хабар тарататын спутнигіміздің болуы тіркелген спутниктік байланыс арналарында еліміздің қажеттіліктерін қанағаттандыруға, еліміздің ақ­па­раттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шет елдерге кететін ақшалай қа­­ражат ағымын азайтуға мүмкіндік береді. «KazSat-3» ұлттық спутнигінің ресурстарын қолданысқа берген үш жыл ішінде оны 9 мемлекеттік орган мен коммерциялық ұйым пайдалануда. Өткен жылы шетелдік байланыс және хабар тарататын ғарыш аппаратын Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық телеоператорларына көшіру толығымен аяқталған болатын. Бүгінде «KazSat-3» спутнигінің негізінде Қазақстанның барлық аумақ­тары бойынша SD, HD, UHD форматында сандық телерадиохабар қамтамасыз етілді. «Қазтелерадио» АҚ телерадио­хабар саласындағы ұлттық оператор қазіргі уақытта «OTAU TV» спутниктік телерадиохабар бағдарламаларының пакетін трансляциялайды. Спутник қызметінің HD-фор­матын­дағы телеарналар пакетін респуб­ликамыздың барлық аумағы бойынша трансляцияланатын Caspio HD операторы, сондай-ақ, HVEC форматында хабар тарататын «Алма ТВ» компаниясы пайдаланады. Бұл формат арналардың санын және олардың сапасын арттыруға, HD және Ultra HD (4K) арнасын трансляциялауға мүмкіндік береді. Бүгінде спутник­тің қамту аймағы Қазақстанның, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжік­станның, Түрікменстанның, сонымен қатар, Ресейдің орталық бөлігінің аумақ­тарына таралған. Ғарыш аппаратын басқаруды Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы Ғарыш аппараттарын жер үсті бас­қару кешенінің және Алматыдағы «Көктерек» Ғарыш аппараттарын басқару резервтік кешенінің жаңа техникалық құралдарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-тың («РҒБО» АҚ) жоғары білікті мамандары жүзеге асырады.