Көшпенділер ойындарында Қазақстан үш күнде 34 медаль жеңіп алды

Бүгін, 22:36 / Жамбыл Жайлау
worldnomadgames.kz

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы үш күннің қорытындысы бойынша 34 медаль иеленді. Оның 16-сы алтын, 8-і күміс, 10-ы қола, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аударыспақтан 100 келі салмақта сынға түскен Сырым Ізбасаров қырғызстандық қарсыласын жеңіп, Көшпенділер ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Ал 90 келіде Дарын Өткелбай барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Аса ауыр салмақта Нұржан Еркінұлы қола жүлдеге ие болды.

Құсбегілік сайысында да қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалған жоқ. "Қаршыға" санатында Серікболсын Жалғасұлы "Жебе" атты құсымен алтын медаль алды. Арман Қошқаров "Алғыр" қыранымен бүркіт сайысында күміс жүлде иеленді. Ителгі ұшырудан Бақдәулет Бабажан "Ұшқыр" құсымен күміс, Ерлан Кенжетаев "Ақбалық" құсымен қола медаль алды.

Күрес түрлерінен қазақстандықтар самбо мен қырғыз күресінде өнер көрсетті. Самбодан +98 келі салмақта Болат Сапар алтын жеңіп алса, Еркебұлан Нығметов пен Жандос Бейсенбаев қола жүлдегер атанды.

Қырғыз күресінен +100 келі салмақта Алмас Жұмағали финалда қырғызстандық спортшыға есе жіберіп, күміс медаль иеленді.

Қол күрестен Қазақстан құрамасы 7 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Айдархан Нұрдәулет, Медет Құттымұратов, Данил Устинов және Малена Сыдықжан жүлдегерлер қатарынан көрінді.

4 қыркүйекте қазақстандық спортшылар 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады. Олардың қатарында көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, тазы жарысы және басқа да сайыстар бар.

Көкпардан Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Мажарстанмен кездеседі. Көкбөріден де Қазақстан мен Мажарстан құрамалары өзара сынға түседі.

Тэгтер:

Көшпенділер ойындары