Атыраудағы отбасы қазасы: Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен қауышты

Бүгін, 22:12 / Жамбыл Жайлау
polisia.kz

Атырау облысы Жангелдин ауылында қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы, Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Kazinform мәліметінше, ол емдеу мекемесінен шыққаннан кейін балаларымен кездескен.

Қазір Ақбаян Мұқанғалиева мен сотталған Сұлтан Сәрсемалиевтің төрт баласы Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Ал бір жарым жастағы кенже ұлы сәбилер үйінде тәрбиеленуде.

Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Гиниятованың айтуынша, Мұқанғалиева балаларымен алғаш рет 27 тамызда кездескен.

Екінші кездесу 1 қыркүйекте өткен.

"Ол балалардың заңды өкілі ретінде келді. Оның ата-ана құқығынан айырылмағаны белгілі. Жалпы, балалармен кездесу әр жұма сайын сағат 17:00-ден 19:00-ге дейінгі кесте бойынша ұйымдастырылады. Ол бұл тәртіпті алғашында білмеген", – деді орталық директоры.

Оның айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиева кейін балаларын Білім күнімен құттықтау үшін 1 қыркүйекте тағы келген.

Құндыз Гиниятова балалардың денсаулығы мен көңіл-күйі жақсы екенін де атап өтті.

Балалардың бейімдеу орталығында қанша уақыт болатыны әзірге нақты белгіленбеген.

Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстары оның балаларын танитынын айтқан. Сонымен бірге әйелдің ем қабылдауын алдағы уақытта да жалғастыратыны хабарланды.

Тэгтер:

Атырау Ақбаян Мұқанғалиева