Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы өзінің басты мақсаты мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен жекпе-жек өткізу екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол болашақ қарсыласын жан-жақты зерттеп қойғанын айтты. Бұл туралы ол өзінің менеджері Берік Сұлтанға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Басты мақсатымыз бар. Орта салмақта жүргенде де "Канеломен" жекпе-жек өткізуді көздегенбіз. Енді осы салмақта белбеулерді біріктіргіміз келеді. Содан кейін, бұйырса, "Канелоның" соңынан барып, онымен жұдырықтасамыз.
Біз өзімізге, өзіміздің "Qazaq Style" стилімізге сенеміз. Ал "Канело" – біз толық зерттеп қойған боксшы. Оны шайнамай жұту керек. Оның қандай соққы жасайтынын, оны қалай қайталайтынын білеміз. Мұны Биволмен жекпе-жегінен де, Скаллмен кездесуінен де көрдік. Бәрін зерттеп қойдық", – деді Жәнібек Әлімханұлы.
Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін екінші орта салмаққа ресми түрде ауысып, орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан бас тартқан еді.
Кейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшыны британиялық чемпион Хамза Ширазға қарсы міндетті титулдық жекпе-жекке шығаруға шешім қабылдады. Екі тараптың командасына кездесудің шарттарын келісу үшін уақыт берілді.